Алматыда қоғамдық көлік жолақысы қызу талқыланып жатыр
Алматыда автобуста жол жүру құнын көтеру мәселесі қызу талқыланып жатыр. Тұрғындар бұл бастаманы түгел құптай қоймады. Әкімдік тарапынан қоғамдық көлікпен жүру құнын 100 емес, 120 теңгеге дейін көтеру жоспары жарияланған еді. Бұл мәселе төңірегінде осы саланың сарапшылары мен урбанистер де қызыл кеңірдек болып, түрлі дәйек келтіруде.
Автор: Шапағат Мырзабекова
12.07.2024
80 теңгелік тариф Алматыда 2011 жылдан кейін тек былтыр ғана 20 теңгеге өскен еді. Енді әкімдік қоғамдық көлікпен жүру құны 100 емес, 120 теңге қылуды ұсынып отыр. Оған қоса, қолма-қол төлемді де алып тастауды жоспарлаған.
— Ойбай қымбат қой! Бізге, зейнеткерлерге қиын. Алатынымыз бір 120 мың. Солай 120 мыңнан 120 теңге төлейтін болсақ, неміз қалады, жаным-ау!
— Жол ақысы 120 теңге болса, жұмыс істейтіндерге бұл қымбат баға емес. Менің ойымша, мұндай ақы қызметте жүрген адамның қалтасын қақпайды.
— Такси бағасы да ұшып тұр. Сол үшін қоғамдық көлікпен жүруге тура келеді. Меніңше, көтергеннен гөрі, сәл түсірсе деген бір тілегім бар.
Алайда кейбір бағыттағы автобустарда жолақысын төлемей жүретіндердің бар екені жасырын емес. Қоғамдық көлікке мінгендердің шамамен 35 пайызы сапар құнын төлеуден қашады. «Күнделікті түскен табыс құрал-сайман тұрмақ, жанармайға да жетпейді», дейді осы салада жұмыс істейтіндер. Олардың сөзінше, қазірдің өзінде көптеген автобус қысқа дайын емес.
Сәбит Аманбаев, «Қазақстан автокөлікшілер одағының» ЗТБ бас директоры:
— Әкімшілік ұсынып отырған жол ақысын көтеру ұсынысын біз тасымалдаушылардың атынан дұрыс деп есептейміз. Себебі бүгін мына күнделікті шығын қаржыландыру мәселесінде тапшылық болып жатыр. Күнделікті түскен табыс жанармайдың бағасын жаппай жатыр. Бізде болып жатқан инфляция, тоқтамай өсіп жатқан жанармай бағасы, жалақы деңгейі көтеріліп келе жатыр. Саймандар өте тез қымбаттап бара жатыр.
Ал Urban Forum Kazakhstan сарапшысы жолаушылардан арнайы абонемент ақысын алу қажеттігін айтты. Алдын ала төлем жасаған жұрт жеңіл көлікті тастап, автобус пен метроны таңдаса, сәйкесінше, қалада кептеліс те азаяды, дейді урбанист.
Диас Маратұлы, Urban Forum Kazakhstan сарапшысы:
— Әрине, баға көтерер алдында осы қоғамдық көлікке қалай төлейтінін де ойлау керек. Адамдарда абонемент болса, мысалы, бір айға, бір жылға, бір аптаға төленіп қойған. Ал адамдар қоғамдық көлікті көбірек қолдана бастаса, оны жақсырақ дамыта аламыз. Одан жаңарақ автобустар сатып алып, мысалы ,трамвай, метро сала аламыз.
Жалпы осы жылы жолаушылар тасымалымен айналысатын автопарктерге бюджеттен 87 миллиард теңгеден астам субсидия бөлініпті. Күн сайын қоғамдық көлікпен қатынайтындар саны бір жарым миллионға жеткен. Сондай-ақ жүргізуші алаңдамас үшін қолма қол төлемді алып тастау да ұсынылды. Тарифтің көтерілуінен түскен ақшаға автобуста жолаушылар мен жүргізушінің арасын бөліп тұратын қоршау орнату көзделіпті. Ал аспандаған ақыға сай қызмет көрсету сапасы да бірге өсе ме, жоқ па, ол жағы белгісіз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!