Дональд Трамп: Қаскөйдің жұмыс кестемді өзгертуіне жол бермеймін
Сайлаудағы негізгі қарсыласына жасалған қастандықты АҚШ президенті Джо Байден қатаң айыптады.Ал халық алдында сөйлеп тұрып шабуылға тап болған Дональд Трамптың өзі жұмысын бір сәтке тоқтатпайды. Оң құлағынан жарақат алған ол республикашылардың сьезіне аттанды. Партияластары бүгін оны негізгі кандидат ретінде таңдайды деп күтілуде.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
15.07.2024
Ал сайлауалды науқан кезінде атылған оқтан бір адам қаза тауып, Трамптан бөлек тағы екі адам ауыр жарақат алған. 20 жастағы қаскөйдің өзін тәртіп сақшылары сол жерде өлтірді.
АҚШ президенттігінен үмітті Дональд Трамп қаннен-қаперсіз кезекті сайлауалды науқанын өткізіп жатқанда кенеттен оқ атылып, халық бір сәтте дүрбелеңге түсті. Сахнада сөз сөйлеп тұрған кандидат бірден еңкейіп, мінбердің астына тығыла жөнелді. Артынша оққағарлары оны қауіпті аумақтан алып кетті.
Атылған оқ кандидаттың оң жақ құлағын жырып өткен. Одан бөлек, тағы екі адам зардап шегіп, біреуі қаза тапты. Артынша, шабуылдаушының да көзі жойылды. Сөйтсе, көршілес биік ғимараттан сахнаға қарай оқ атқан 20 жастағы жігіт болып шықты. Томас Мэтью Крукстың Дональд Трампқа не себепті оқ жаудырғаны әзірге белгісіз. Бір анығы, бұл шабуыл Трампты тоқтатпайды. Экс-президент екі жарым сағаттан кейін байланысқа шықты. Тіпті, көп ұзамай кезекті сапарына да аттанды.
Дональд Трамп:
- Висконсиндегі Республикалық партияның ұлттық сьезіне сапарымды екі күнге кейінге шегермек болғанмын. Бірақ шабуылшының менің жұмыс кестемді өзгертуіне жол бермеймін деп шештім.
Осы жағдайдан кейін Ақ үй қожайыны Джо Байден халықты сабырға шақырумен болды. Президент сайлаудағы негізгі қарсыласына жасалған қастандыққа байланысты америкалықтарға үндеу жасап, саяси сахнадағы зорлық-зомбылықтан бас тартуға шақырды. Саясат — тек бейбіт пікірталас алаңы болуы керек, дейді Байден.
Джо Байден, АҚШ президенті:
- Мұндай зорлық-зомбылықтың нормаға айналуына жол берілмеуі керек. Еліміздегі саяси риторика қыза түсті. Оны суытатын уақыт келді. Мұны жүзеге асыру – бәріміздің жауапкершілігіміз.
Дональд Трампқа жасалған шабуылды президент Қасым-Жомарт Тоқаев та қатаң айыптады. Мемлекет басшысы Трампқа тезірек сауығып кетуін тіледі. Ал бір өлімнен аман қалған саясаткердің қауіпсіздігі қазір барынша күшейтілген.
Айта кетейік, АҚШ-тағы президент сайлауы қарашаның бесіне жоспарланған. Биліктен негізгі үміттілер — республикашылар атынан Дональд Трамп, ал демократиялық партиядан — Джо Байден.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!