{metadescription}
Алматыда жүк көлігі автобусқа соғылып, тоғыз адам зардап шекті
Алматыда жүк көлігі автобусқа соғылып, тоғыз адам зардап шекті

Алматыда жүк көлігі автобусқа соғылып, тоғыз адам зардап шекті

Алматыда тағы да автобус апатқа ұшырап, тоғыз адам зардап шекті. Екеуінің жағдайы ауыр. Дәрігерлер бір науқастың жансақтау бөліміне түскенін айтып отыр. Жолаушыға лық толы №137 бағыттағы қоғамдық көлік жүк көлігімен соқтығысыпты. Сол екпінімен автобус жол бойындағы жеке тұрғын үйдің қоршауына барып соғылған. Полиция апаттың мән-жайын анықтап, тергеуді бастап кетті.

Жол апаты таңғы сағат тоғыз шамасында болған. №137 бағыттағы коғамдық көлік Әшімов көшесімен солтүстікке қарай келе жатып аялдамаға тоқтайды. Жолаушылар автобустан түсуге енді оқтала бергенде, артынан жүк көлігі келіп соққанда, қоғамдық көлік жеке үйдің қоршауына бір бүйірімен тіреледі. Абырой болғанда бетоннан құйылған қоршау үйдің ауласына кіріп кетуден қорғап қалыпты. 

Нұрәмір Әбдуғаппаров, жер үйдің иесі:

Үйде ұйықтап жатқан едім. Бірақ бір мезетте дүрсілдеген дауыс шықты. Үйден шыққан кезімде үйдің алдында автобус тұр. Ары-бері қараған кезімде жараланған адамдар мен полиция қызметкерлері болған. Жерде жатқан бір адам болған. Үйдің тек қана сыртқы жағы бұзылған. Қақпа ашылмайды.

Апат көлік көп жүретін көшелердің бірінде болғандықтан, мұнда бір сәтте кептеліс туындаған. Шошынып қалған жолаушылар лезде қоғамдық көліктен сыртқа шығып, бір-біріне көмектесе бастапты. Арасында қатты жарақат алғандар бар.

Асылбек Ембердиев, Алматы №7 клиникалық ауруханасы қабылдау бөлімшесінің меңгерушісі:

№7 клиникалық ауруханасына тоғыз адам жеткізілді. Медициналық тексерулерден кейін екеуі политравма бөлімшесіне жатқызылды. Соның ішінде жансақтау залына жеткізілгені де бар. Екеуінің жағдайы ауыр.

Дәрігерлер қалған жеті науқасты жағдайы жақсарған соң, амбулаторлық емге үйіне жіберген. Ал автобус пен жүк көлігінің жүргізушілері дін аман.

Жол көлік оқиғасы болған жер қазір қоршауға алынып, полицейлер қоғамдық көлікті алып кетуге әрекеттеніп жатыр. Апат болған аумақ тазартылып, сақшылар тергеп-тексеруге кіріскен.

Салтанат Әзірбек, Алматы ПД ресми өкілі:

Әшімов көшесі бойымен солтүстік бағытта келе жатқан жүк көлігі аялдамаға тоқтаған 137-бағыттағы қоғамдық көлікпен соқтығысқан. Автоус екпінімен жолдың шығыс жағына шығып кетіп, жеке тұрғын үйдің қоршауына соғылған. Жол-көлік оқиғасының басқа да мән-жайы анықталып жатыр.

Келтірілген шығынды кімнің өтейтіні әзір белгісіз. Бір-ақ сәтте жарамсыз күйге түскен автобус «Алматыэлектротранс» компаниясына тиесілі.

Естеріңізге салсақ, осыдан он күн бұрын ғана жолаушыға толы автобус осылай жол апатына ұшырап, бес адам зардап шеккен еді. Бұған дейін де қалада жеңіл көлікпен қоғамдық көліктің соқтысуынан 25 адам жарақат алып, 1 адам көз жұмды.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде