{metadescription}
Алматы облысы: Селден кейінгі сергелдең
Алматы облысы: Селден кейінгі сергелдең

Алматы облысы: Селден кейінгі сергелдең

Селден кейінгі сергелдең. Алматы облысында қызыл судың астында қалған ауыл тұрғындары ауласын өз күшімен тазалап жатыр. Топан су Беріктас елдімекеніндегі 15 аула мен үш үйді басып қалған. Апаттан жұрттың тұрмыстық техникасы мен жиһаздары бүлініп, қақпасы қирапты. Төтенше жағдайға таудағы нөсер жауын себеп болған.

Тау бөктеріндегі Беріктас ауылының тұрғындары кешеден бері есін жинай алмай жүр. Түнде кірпік ілмеген. Төтенше жағдай кеше түс ауа болған екен. Тауда нөсер жаңбыр жауып, топан су ауылға қарай ағыпты.

Абырой болғанда, таудан аққан селді жергілікті тұрғындардың бірі дер кезінде байқап, жұрт үйінен қашып үлгерген. «Әйтпесе аман қалуымыз екіталай еді» - дейді қариялар.

Асқар Әлімбетов:

 – Сәл кешіккенде өте алмай қалар едім, ағызып кетті. Шықсам, ағызып кетеді. Бірінші толқын сөйтіп келді, кейін ақырындап басылды.

Құтқарушылар ауылды басқан суды сорғызып алған. Табиғат апатымен жүзден аса маман мен 16 техника күресіпті. Негізі тау бөктеріндегі бұл ауылға сел жүруі таңсық емес. Мұндай жағдай тоғыз жыл бұрын да болған көрінеді. Тұрғындар тек апаттың алдын алатын ешкім жоқ деп күйінеді.

Таудан келген топан су арыққа сыймай, тасып, іргелес орналасқан үйлердің ішіне дейін кірген. Қазір қауіпсіздік үшін арықтың жан-жағына құм толы қапшықтар қойылған. Алайда кешегідей сел келген жағдайда, бұл қапшықтар да көмектесе алмайды дейді тұрғындар.

Әділхан Омаров:

Ешқандай көмегі де жоқ, әшейін қапшық, көзбояушылық қой. Қапшық бізге не көмек береді?! Үйге арғы жағынан жал жасап, былай ағатын жасаса, сонда жақсы болар еді.

Жаңбырлы жаздың зардабын тартқан жұрт қазір айналаны өз күшімен тазалап әлек. Табиғаттың тосын мінезінен 15 аула мен үш үйді белуардан су басқан. Соның салдарынан халықтың тірнектен жинаған мүлкі бүлініпті. Тұрмыстық техникадан бөлек, жиһаздары да жарамсыз болып қалған.

Нұржібек Әбдіхалықова:

Кешегі тасқыннан, міне, тоңазытқыш, кір машина құрыды ғой, ол да судың астында қалды. Мына жердегі линолеумді алып тастадық.

Жұрт бүлінген дүниеге өтемақы талап етеді. Бірақ әкімдік өкілі шығынды өтеу мәселесіне келгенде нақты жауап бере алмады. 

Нұрлан Қилыбаев, Беріктас ауыл округі әкімдігінің бас маманы:

Шығынды есептеп, комиссия шешеді. Ол туралы сізге нақты ақпарат бере алмаймын да, айта да алмаймын. Осындай жағдай қайталанбас үшін алдын алу жұмыстарын өзіміз жүргізіп жатырмыз. Арнайы техникамен судың бағытын бұрып жатырмыз. Жауапты мекемелерге хат жолдап жатырмыз.

Беріктаста бүгін де найзағай ойнап, жаңбыр сіркіреп тұр. Халық жанын шүберекке түйіп отыр. Олар жауапты тұлғалар тасқын қаупін жоятын шараларды тез арада қолға алса екен дейді.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде