«100 млн пайда». Инстаграмда ұтыс ұйымдастырған әйел сотталды
Шымкентте Инстаграм арқылы лотерея ойнатып келген тұрғын сотталды. Әлеуметтік желі арқылы ұтыс ұйымдастырған пысықай әйел екі айдан аз уақытта 100 миллион теңгедей пайда тапқан.
Автор: Бек Әбиев
17.07.2024
Келіншек ешқандай лицензия алып әуре болмай, инстаграмда екі аккаунт ашып, тікелей эфирде лото ойнатқан. Ұтысқа түрлі тұрмыс техникасы, зергер бұйымдары мен қымбат смартфондар тігілген. Ал бас жүлдеге — «Тойота Лэнд Крузэр Прадо». Лотерея билеттерін сату үшін жарнаманы да жандандырған. Бір билет құнын 5 мың теңгеге бағалап, алушыға көбірек жеңілдік қарастырып құмар ойынға құмартушыларды тартыпты. Бағалы сыйлықтар мен көлікті, әлбетте, ешкім ұтып алмаған сыңайлы. Ал заңсыз ойыннан түскен қыруар қаражатты өзінің және туыстарының есепшотына жинап келген.
Әлібек Әбділов, ҚР ҚМА ресми өкілі;
— 2023 жылғы 10 қыркүйектен 29 қарашаға дейін сатылған билеттерден түскен қаражаттың жалпы сомасы 96 млн теңгеден асады. Сот үкімімен азамат кінәлі деп танылып, оған бір жылға бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды. Сот үкімі бойынша алынған заттай дәлелдемелер мемлекет кірісіне тәркіленді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!