Тасқын: Петропавлда істен шыққан сорғы толық жаңартылып жатыр
Петропавлда су тасқыны кезінде істен шыққан сорғыны жөндеу басталды. Көктемгі апат кезінде бұл нысан ішіндегі жабдығымен бірге түгел су астында қалып, күллі шаһар ауыз судан қағылған.
Автор: Ақмаржан Қайсарқызы
17.07.2024
Теріскейдегі су арнасының негізгі сорғысы жарты ғасыр бұрын орнатылған. Осы уақыт ішінде өңірде қандай жағдай болмасын, істен шықпапты. Алайда өткен су тасқыны кезінде сең осы нысанның электр бағаналарын бұзып, тоқтан ажырап қалған. Сосын бір сағаттың ішінде ғимарат толық су астында қалды. Осылайша қала тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету үшін шұғыл түрде балама су құбырын салу қолға алынған. Мамандар қайта жаңғырту жұмысы өндіріс процесіне еш кедергі келтірмейді, дейді. Өйткені негізгі жабдық жертөледе орналасқан. Су тасқынында қала сусыз қалмауы үшін қуатты сорғылар орнатылып, қабырғасы арнайы материалмен қапталмақ. Ал электр желілері жер астымен жүргізіледі.
3,5 миллиард теңгені талап ететін жөндеу жұмысының шығынын демеушілер өз мойнына алған. Бүкіл жұмысты қазан айында аяқтаймыз, дейді мамандар.
Жеңіс Сұлтанов, «Қызылжар су» ЖШС бас директоры:
— Қазір суасты сорғы агрегаттары толығымен ауыстырылып жатыр. Елу жабдық түгел жаңартылады. Су тасқыны тағы қайталанып жатса, сорғы автономды түрде ақаусыз жұмыс істейтін болады. Басқару тақталарын да жоғары қабаттарға орналастырамыз. Биылғы жағдай қайталанбас үшін қолымыздан келгенін жасаймыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!