Абай облысында қыруар қаржыға салынған дәретхана жабық тұр
Абай облысында қыруар қаржыға салынған дәретхана жұмыс істемей жабық тұр. Жолшыбай әжетін өтеуге тоқтағандар дәретхананы шенеуніктер «тек есеп беру үшін тұрғызған» деп шу шығарды. Әжетхананың құны да әжептеуір. Оның құрлысына жұмсаған миллиондаған теңгеге Семейдің орталығынан кең баспана алуға болады дейді жұрт. Ал құны қымбат нысанның не жарығы, не суы жоқ, бірақ күзеті бар.
Автор: Ұлан Нұрахмет
18.07.2024
Қоғам наразылығын туғызған әжетхана. Тұрғындардың бірі 22 млнға, енді бірі 32 млн теңгеге салынған дейді. Алайда әжетхана қаңырап бос тұр, не жарығы, не суы жоқ. Есесіне, екі адам жұмысқа алынған. Олар әжетхананы кезек- кезек күзетеді. Ал түнде сығырайған майшаммен отыруға мәжбүр. Қазір қымбат әжетхананың төңірегі дәретханаға айналған.
Қоғам белсендісі Майра Әбенова әжетхана құрлысына 31 жарым млн теңге жұмсалғанын айтады. Мемлекет қаржысы игерілгенімен, оның игілігін жұрт көрмей жатыр, дейді. Бұл қомақты қаржыға Семейдің орталығынан бір, ал шеткі ықшам ауданнан үш пәтер алуға болады екен.
Майра Әбенова:
— Миға сыймайтын, тиімсіз нәрсе. Бюджет ақшасын талаң- таражға салып жатыр. Ол азаматтарды жауапкершілікке тарту керек. Мынау намысқа тиетін іс. Жер жүзіне масқара болдық. Ең қымбат дәретхана деп жатыр. Ол айдалада кімге керек? Жұмыс істемейтін дәретхана!
Ал басшылықтың іссапарда екенін алға тартқан жауаптылар ұялды ма, камера алдында сұхбат беруден жалтарды. Әжетхана құрлысына жұмсалған қаражаттың нақты құнын да Астанаға кеткен маман ғана біледі екен. Дегенмен өңірде қымбат әжетханадан екеу салынғанын айтып қалды.
Рауан Рахметолла, Абай облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы:
— 2023 жылы Абай облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы Абай облысының автомобиль жолдарын күтіп ұстау қаражаты есебінен, Қасқабұлақ ауылының Семей – Қарауыл 98 шақырымында және Аягөз – Қарауыл – Семей - Қайнар , Қарауыл ауылынан шыға берісінде автомобиль жолдарының бойындағы сервистің 2 модуль нысаны орнатылған.
Заман талабына сай салынған әжетхананың қашан іске қосылатыны белгісіз. Қазір жер телімдерін тіркеу жүргізіліп жатыр екен. Ал мамандар ішкі және сыртқы қондырғылары талапқа сай орнатылғанын жеткізді. Алайда төбесіне тартылған панельдер салақтап, түскелі тұр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!