{metadescription}
«Бюджеттің миллиардтары бөлінсе де ... Алакөлдегі қордаланған мәселелер
«Бюджеттің миллиардтары бөлінсе де ... Алакөлдегі қордаланған мәселелер

«Бюджеттің миллиардтары бөлінсе де ... Алакөлдегі қордаланған мәселелер

Бюджеттің миллиардтары бөлінсе де, межелеген уақытта бітіре алмаған. Алакөлдің Жетісу облысы жағындағы 300-ден аса демалыс орны нәжіс суын әлі айдалаға төгіп жүр. Өйткені құрылысы осыдан үш жыл бұрын басталған кәріз жүйесі сол күйі іске қосылмапты. Бұл — демалыс аймағындағы кәсіпкерлердің назы.

Ал Ақши мен Көктұма ауылындағы жағалауға келген демалушылар тазалыққа көңілі толмай, дәрет сындыратын орын таба алмай әлек. Бірнеше шақырымға созылған жағалаудың бойында небәрі сегіз-ақ дәретхана бар.

Көрер көзге көкпеңбек көл беті көңілді қытықтап, айдыннан ескен ақ самал жаныңызға бір барақат сыйлайды. Бұл еліміздің інжу-маржаны – Алакөл. Шомылған жанның санасын сергітіп, сырқатқа шипа береді. Туристердің жылда көптеп келетін себебі де сол. Бірақ осы бір байлығымызды қаншалықты бағалап жатырмыз деген сұрақ бар.

Көлдің өзі таза көрінгенімен, жағалауы жаға ұстатады. Демалушылардан қалған қалдық жан-жақта шашылып жатыр. Кісі аяғы көп баспайды-ау деген жердің өзінен кем дегенде бір сыраның бөтелкесін табасың. Ал бірен-саран көзге түскен қоқыс жәшіктері аузы-мұрнынан толып тұр. Күніне 20 мыңдай адам демалатын жағалаудың тазалығына 32-ақ жұмысшы жауапты.

Мұрат Раушанов, демалушы:

Демалып жатқан жерде қоқыс жинайтын ыдыс болу керек. Ол да жоқ. Адам демалғаннан кейін сәйкес келу керек қой. Гигиена болмаған соң балалардың ауыруы да мүмкін. Жаға бойында бір жерде дәретхана жоқ. Үлкен кісілер қайда баратынын білмейді. Балалар да қайда баратынын білмейді. Бұл гигиенаға жатпайды.

Ия, мұнда дәретхананы іздеп әлекке түсесің. Өйткені бірнеше шақырымға созылған жағалауда небәрі сгіз-ақ дәрет сындыратын орын бар. Тіпті 300-ден аса демалыс аймағына ортақ кәріз жүйесі әлі жүргізілмепті. Кәсіпкерлер «лас судың машақаты қалтаны қақты» деп отыр.

Әлішер Манликов, кәсіпкер:

Бұл үлкен шығын. Әжетқұдықты қазудың өзіне 5 миллион теңгеге дейін кетті. Іші толып кетпеуін қадағалап отыру керек. Әр маусым сайын арнайы техника жалдап, ішіндегісін айдаладағы арнайы жерге апарып төгеміз. Бұл жұмыстарға жылда жарты миллион теңге кетеді. 

Кәріз жүйесінің құрылысы осыдан үш жыл бұрын басталған. Ол үшін бюджеттен миллиардттар бөлінді. Бірақ құрылыстың соншалықты ұзаққа созылғанына жергілікті әкімдік өзін емес, мердігерді кінәләйді.

Данияр Ысқақов, Жетісу облысының кәсіпкерлік және инновация-индустрияны дамыту басқармасы басшысының орынбасары:

Бөлінген қаражат 1 миллиард, кәріз жүйесіне. Кәріз қондырғысына 7 миллиард қаражат қажет. Алғашқы жылы қаражат толық бөлінген болатын. Жосықсыз компанияның кесірінен бұл жұмыс тоқтап, жобаға түзетулер енгізілді. Жауапқа тартылды. Сот бойынша оған бөлінген қаражатты толық қайтару бойынша шешім шығарылды. Қазір жаңа конкурс өткізіліп, жаңа мердігермен келісімшарт жасалды.

Алайда тазалық пен қымбатшылық келушілерге кедергі емес. Турист саны азаймай, керісінше, жыл сайын артып жатыр. Мәселен, соңғы екі жылда 1 жарым милионнан аса адам демалған. Сол құжынаған халықтың көңілін аулап, оларға бағыт-бағдар беретін арнайы орталық та құрылған екен.

Жандос Нұриев, Vizit Zhetysu туриске ақпарат беру орталығының басшысы:

Алакөлде көбісі қайда демаламын, немен айналысамын, қандай қызмет қолдансам болады деген сұрақтар туындайды. Сол сұрақтарға біз жауабын береміз. Негізгі мақсат — фестиваль аясында да демалушы санын 2 миллионға жеткізсек.

Бір жарымнан 2 миллионға жеткізу үшін шенеуніктер «маңдай терімізді төгіп жүрміз» дейді. Мәселен, Алакөлге жету мәселесі де ақыры реттелді. Қазір көлікпен де, пойызбен де, тіпті ұшақпен де ұшып келесің.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде