Павлодар: Ғабдулғазизовтар әулеті — дәрігер мамандығын отбасы кәсібі еткен
Медицина – ұрпақтарды сабақтастырған мамандық. Павлодарда дәрігер мамандығын отбасының ортақ кәсібі еткен жанұя тұрады. Бүгінде облыс орталығындағы аураханада қызмет етіп жүрген Ғабдулғазиз әулеті мүшелерінің денсаулық сақтау саласындағы ортақ еңбек өтілі 230 жылға жуық. Адам дертіне дауа табуды парыз санайтын ақ халаттылар ұзақ жыл бойы мыңдаған павлодарлықтың түрлі сырқаттан арылуына өлшеусіз үлес қосып келеді.
Автор: Ақмаржан Қайсарқызы
23.07.2024
Дәмет Ғабдулғазизова саналы ғұмырын күрмеуі қиын медицина саласына арнаған жоғары санаттағы рентгенолог. Еңбегін еліне арнаған оның қызметінде жүргеніне 50 жылға жуықтаған. Осы уақыт аралығында рентгенология саласындағы асқан біліктілігі мен қызметіндегі алғырлығының арқасында Кереку жұртшылығының құрметіне бөленген. Мыңдаған науқастың өміріне араша түскен медицина майталманы науқастарға сапалы қызмет етуді басты міндеті деп санайды.
Дәмет Ғабдулғазизова, Ғ.Сұлтанов атындағы Павлодар облысы ауруханасының рентгенолог дәрігері:
— Кеше кездесіп қалдым, медициналық тексеруге келді. 25 жыл сенің арқаңда өмір сүріп жүрмін, дейді. Бұл мен үшін сондай мерей. Мемлекеттік сый алғанмен пара-пар. Сондықтан жай жүрген жоқпын деп ойлаймын. Қанша адамға көмегім тиіп жүр.
Дәмет Ғабдулғазизованың отағасы Мұхаммедқайыр Ғабдулғазизов та көзі тірісінде білікті дәрігер, денсаулық сақтау саласының саңлағы болған. Қос дәрігердің медицинаға деген махаббаты перзенттеріне де дарыған. Ата салған сара жолды жалғап, ұлдары Қуат та медицина университетін тәмамдап, бүгінде травматолог-ортопед болып қызмет етуде.
Қуат Ғабдулғазизов, Павлодар облысы ауруханасының травматолог-ортопед дәрігері:
— Балалық шағымды еске алсам, бірден көз алдыма медицина қызметкерлері, ақ халат, аурухана қабырғалары елестейді. Өйткені бала күнім ата-анамның жанында, осы саланың басы-қасында жүрген жандарды көрумен өтті. Мектепте заңгер болсам ба екен деген ой болды. Бірақ медицинаға деген махаббатым басым болып, травматолог дәрігер болуды ұйғардым.
Дәрігерлікті жанына серік еткен Қуаттың өмірлік жары Сәуле де тағдырын медицинамен ұштастырған. Қос дәрігер отбасылық дәстүрден айнымай, университет қабырғасында табысып шаңырақ құрған. Бүгінде екі бүлдіршінді тәрбиелеп отырған ерлі-зайыпты бір ауруханада қызмет етеді. Дәрігерлер әулетінің келіні офтальмология бөлімінде еңбек етеді. Түрлі көз ауруын емдеп, науқастардың көру қабілетін арттырып жүргеніне биыл сегіз жылдан асқан.
Сәуле Ғабдулғазизова, Ғ.Сұлтанов атындағы Павлодар облыстық ауруханасының офтальмолог дәрігері:
— Офтальмолог боламын деген шешімді үшінші курс оқып жүргенімде қабылдадым. Бұл сала мені бірден қызықтырды. Жалпы хирургия бөлімі жаныма жақын. Ал көз микрохирургиясы қызығушылығымды тіптен арттыра түсті. Кейін интернатураны тәмамдаған соң, офтальмология бойынша резидентураны да ойдағыдай оқып шықтым.
Дертіне шипа іздеген жандарға көмектесуді өмірлік ұстанымға айналдырған бұл отбасында тағы бір болашақ дәрігер өсіп келеді. Талай жанның өміріне араша түсіп, антына адалдық таныта білген Ғабдулғазизовтердің немерелері де ата-әжесінің ізін жалғап, бүгінде медицина университетінде білім алып жүр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!