«Арызды алмайды». Созақ ауданында мал ұрлығы өршіген
Түркістан облысындағы Созақ ауданында мал ұрлығы өршіп тұр. Жоғалған қой мен ешкісін санауды қойған жұрт жайылымдағы жылқы мен сиырын таппай қалып жатқанын айтады. Бірақ төрт түлігін ұрлатқандар полицияға арызын тіркете алмайды екен. Себебі полиция бөлімінің басшыларына дейін шағымды қайтарып алуға үгіттеп, «тіпті қорқытады» дейді жәбірленушілер. «Мал ашуы — жан ашуы» деген топ кезекті рет аудандық полиция бөліміне келді.
Автор: Бек Әлиев
25.07.2024
Шаруасы негізінен мал бағып күнелтетін Созақ ауданында мал ұрлығы өршіп тұр. Жайылымға жіберген жылқысын таппай қалып жатқанын айтқан жұрт тау мен тасты ақтарып, өңірдегі бүкіл мал базарын аралауға мәжбүр. Оншақты жыл бұрын басталған ұрлық қазір белең алып, бау-бақшада көгенделіп тұрған жылқы мен сиыр кете бастапты.
Әлібек Дауылбай:
— 2014 жылы 13 бас, 2018 жылы 26 бас, 2021 жылы 16 бас малым жоғалды — 50 бас болды, ойда-қырда. Істі Қызылордаға л жіберіп тұр, «ұрының бәрі сол жақта» деп. Ал ұры осы Созақ ауданында. Міне, сонымен сандалып жүрмін.
Мал іздегендер, тіпті жоғалған жануарларының суретін шығарып алған. Ауылдағы учаскелік полицейлерден бастап, облыстық департамент пен прокуратураға дейін сабылған жұрт «полицияның жұмысына көңіліміз толмайды» дейді. Себебі, тәртіп сақшылары жоғалған мал туралы шағым түссе, «статистикамыз бұзылады» деп ашық айтады екен. Сондықтан ірі қара болмаса, қолды болған ұсақ малға садақа демеске амалы қалмаған.
Дариға Исаева:
— Иә, қой-ешкі, осының алдында неше жылқыымыз жоғалды, жоқ. Оны қоя берші , балаларың садақасы, «садақаны бергенде де қолмен бер» дейді ғой, Алла тағала. Оны қолдан да бере алмадық, енді кетті ғой.
Ел «Созақта мал жоғалды» деп, полицияға арыз жазу бара-бара қауіпті болып бара жатыр дейді. Себебі, арыз жазса, учаскелік полицейден бастап, аудан дөкейлеріне дейін қайтарып алуды талап етеді дейді. Арызын алмаған кейбірі жұмыстан босап қалған көрінеді. Сондықтан малын жоғалтқандар құзырлы орынға шағымдануды тоқтатты, дейді жиналғандар.
Индира Әмірбаева:
— Аудандық ішкі істер бөліміне келдік. Айқайлады, Таңатаров, Созақ ауданы полиция бөлімінің бастығы Әбдірайымов айқайлады. «Он балаң бар екен ғой, неге салып қоймайсың 10 балаңды. Біз жауап бермейміз, сенің малыңның жоғалғанына. Арызыңды ал» деп, бала-шағамен бізді сағат дейін ұстады. «Алмаймыз» дедік. Сөйтіп түнгі сағат үште үйге улап-шулап қайттық.
Полиция бөліміне келгендерге өзін «бастықтың орынбасарымын» деп таныстырған шенді табалдырықтан шыққан жоқ. Офицерге жұрт та, тілшілер де сауал қоя алмады. Ал олардың орнына жауап берген облыстық полиция департаментінің есебіне сүйенсек, Созақ ауданында мал ұрлығы жоқтың-қасы.
Гүлнәр Әбдіжаппарова, Түркістан облысы ПД баспасөз хатшысы:
— Созақтағы мал ұрлығына қатысты екі дерек тіркеліп, бүгінде мал ұрлығы бабымен қылмыстық іс қозғалған. Жергілікті полиция қызметі, криминалдық полиция бөлімі қызметкерлерімен бірлескен іс-шаралар жоспары түзіліп, қылмысты ашу мақсатында бірқатар жедел іздестіру шаралары жүргізілуде. Осы ретте Созақ ауданындағы екі жәйт, мал ұрлығы жайылымда болғандықтан, тұрғындарға малдарыңызды қараусыз қалдырмаңыз деп ескертеміз.
«Құзырлы органдардан қайран жоқ» дегендер кімге шағымданарын білмейді. Арыз арқалап босқа сабылғаннан гөрі, төрт түлікті өзіміз іздейміз деп бекініп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!