Қарағандыдағы ферроқорыту зауытындағы апаттан төрт жұмысшы көз жұмды
Қарағандыдағы ферроқорыту зауытындағы апаттан көз жұмған жұмысшылар саны төртеуге жетті. Осыдан кейін арнайы республикалық комиссия құрылып, өндіріс ошағындағы апатты зерделеу жұмысы күшейтілді.
Автор: Бек Әбиев
25.07.2024
Мұрат Қаракекілов, Қарағанды облысы еңбек инспекциясы басқармасының жетекшісі:
— Өкілетті орган еңбек инспекциясымен арнайы комиссия тағайындалды. Комиссия құрамына облыстық өкілетті тобы кірді. Атқарылған жұмыстар, оқиға орны тексеріліп, суретке түсіріліп, техникалық құжаттар таныстырылуда. Оқиға куәгерлерімен жұмыс жүргізілуде. Алынған құжаттар сарапталып, ішкі істер органдарына жіберілді.
Ферроқорыту зауытында апат 20 шілде күні таңғы мезгілде болған. №1 пештен қатты жалын шығып, сегіз адам ауыр жарақат алған. Қатты күйіктен көз жұмған төрт марқұмның жасы 25-40 арасында. Марқұмдардың бірі зауытта пеш жетекшісі, тағы бірі технолог, сондай-ақ балқыту цехінің механигі мен бас механик қызметінің шебері болып жұмыс істеген. Кәсіпорын басшылары жұмыс орнында көз жұмғандардың отбасына көмек көрсетеміз деп отыр. Марқұмдардың жерлеу рәсімін мойнына алып, опат болған жұмысшылар мен олардың жесірінің несиесін жауып беретін болды.
Компания қайғыдан қан жұтқан жанұяларға бір мезетте жұмысшының 10 жылдық жалақысын төлеп бермек. Ал күйік шалып тірі қалған тағы төрт жұмысшының екеуінің хәлі ауыр.
Берік Төлеубаев, Х.Мақажанов атындағы көпсалалы аурухана директорының орынбасары:
— Күйік алған науқастардың ішінен екі науқас жалпы бөлімшеге ауыстырылды. Қазіргі жағдайлары тұрақты. Ем-шаралардың арқасында есін жиды. Енді екі науқас реанимацияда, ауыр түрде жатыр. Қазір жансақтау бөлімшесінде бүкіл ем-шара жасалып жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!