{metadescription}
Шымкентте жол апатынан қаза тапқан жігіттің дене мүшелері науқастарға салынды
Шымкентте жол апатынан қаза тапқан жігіттің дене мүшелері науқастарға салынды

Шымкентте жол апатынан қаза тапқан жігіттің дене мүшелері науқастарға салынды

Шымкентте жол апатынан қаза тапқан жігіттің дене мүшесі науқастарға үлестірілді. Небәрі 18 жасында опат болған ұлдың ата-анасы оның жарамды органдарын бүйрек пен жүрекке, бауырға мұқтаж қазақстандықтарға бөліп беруін сұрапты.

Түркістан облысы клиникалық ауруханасында алғаш рет мәйіт трансплантациясы жасалып, 18 жастағы Максимнің жүрегі шымкенттік науқасқа, оң бүйрегі 16 -дағы астаналық жеткіншекке жөнелтілсе, тағы бір бүйрегі күні кеше тараздық сырқат кісіге салынды.

Мотоциклмен аударылып, ауыр ми жарақатымен Түркістан облысы клиникалық ауруханасына түскен 18 жастағы бозбаланың бір аптадан соң миы өлген. Жалғыз ұлынан айрылған ата-анасы Максимнің, тым болмаса, жарамды ағзасын мұқтаж жандарға берілуін өтініпті. Миы өлсе де, өзге дене мүшесі жасанды аппараттарға қосылып  істеп тұрған соң, трансплантологтар дереу іске кіріскен.

Жанболат Ділдәбеков, Түркістан облысы клиникалық ауруханасының бас дәрігері:

  Ішкі органдары, атап айтсақ, жүрек, өкпе, екі бүйрек және бауыры алынуға келісім берілді. Дәрігерлердің барлық дайындығынан кейін біз кешкі сағат 18:50-де отаны бастап, кешкі 20:50-де аяқтадық. Сол уақыт көлемінде кардиобригада, өкпені алатын да сол бригада, Ұлттық ғылыми орталықтың бригадасы, Сызғанов атындағы, бауыр органын алуға қатысты.

Марқұмның жүрегі шымкенттік реципиентке орналастырылды. Бауыры Алматы қаласының тұрғынына салынса, оң бүйрегі астаналық 16 жастағы науқасқа бұйырыпты. Ал сол бүйрегі күні кеше тараздық 40 жасар Дархан Оспановқа салынды. Екі жылдан бері бүйрегі істен шығып, гемодиализ аппаратына тәуелді 40 жастағы азаматқа ота жасау үшін Беларусь дәрігерлері 30 миллион теңге сұраған екен. Құрылысшы боп істейтін алты баланың әкесі үмітін үзген кезде, аяқ астынан «Шымкентке жедел жет» деген хабар келген.

Перизат Әбдірайымова, реципиенттің жұбайы:

Біз кетіп бара жатқанда бала-шағамыз жылап қалды. Бірақ сол бала-шағаның көз жасы шығар менің күйеуіме бұйырды.  Бірінші Алла, екінші осы клиниканың хирургия бөлімінің дәрігерлері мені шақырып қуантты. Қорықпаңыздар, бәрі жақсы болады деп. Менің күйеуім осы клиниканың тарихында қалатын шығар.

Денедегі кез келген орган оттегіге аса сезімтал болған соң, отаны аса мұқият және жылдам жасау маңызды, дейді трансплантологтар. Қажетті мүше алынған соң, жедел консервациялайтын ертіндімен жуылып, арнайы контейнерге салынады. Сөйтіп қажетті реципиентке бүйрек, ары кетсе, екі тәулікте, ал жүрек алты сағат ішінде салынуы қажет. 

Жанболат Ділдәбеков, Түркістан облысы клиникалық ауруханасының бас дәрігері:

Кез келген ағза, егер жүрегі тоқтайтын болса ,ол жүрек тоқтаған сәттен бастап, бүкіл организмдегі  органдар трансплантацияға жарамсыз болып қалады. Мәйітті транслантациялау дегеніміз, ми өліп, бірақ ішкі органдары, жүрегі жасанды түрде істеп тұрғанда ғана  органы  алынады.

Мәйіт доноры болу үшін адам тірі кезінде Егов порталы арқылы донор болуды растаса, оның өзінде басынан жарақат алып немесе миына көп мөлшерде қан кеткен адам ғана жарайды. Оның өзінде донордың туыстары келісім беру керек. Бірақ оңтүстікте марқұмның жақындарының келісім беруі тым қиын көрінеді. Мәселен, тура мәйіт донорының отасы Түркістан облысының тарихында тұңғыш рет жасалынып отыр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде