{metadescription}
Шымкенттегі күкірт қоймасының өрті бүкіл аймақты аяғынан тік тұрғызған
Шымкенттегі күкірт қоймасының өрті бүкіл аймақты аяғынан тік тұрғызған

Шымкенттегі күкірт қоймасының өрті бүкіл аймақты аяғынан тік тұрғызған

Шымкентте өндіріс аймағынан шыққан өрттен кейін бірнеше кәсіпорынның жұмысы уақытша тоқтады. Сенбі күні «Ордабасы» деп аталатын индустриалды аймақта күкірт толы қоймада от тұтанып, жанындағы өзге де өндіріс орындары мен бірнеше елді мекенге қауіп төндірген. Тұрғындарды жаппай қауіпсіз орынға эвакуациялауға тура келді. Бірнеше адам ауруханаға түсті. 1200 шаршы метрге жайылған жалынды ауыздықтауға Шымкенттің ғана емес, тұтас Түркістан облысынан да өрт сөндірушілер жетті.

Күндіз көрінбей жанып, біраз адам уланып, аяғы күйіп қалды мынадан. Енді мына жақта, алыста көкпенбек боп жанып жатыр, күндіз көрінбейді түнде көрінеді.

«Ордабасы» индустриалды аймағында сенбі күні түс болмай шыққан өрт ертесіне таңға дейін сөнген жоқ. Мұндағы қоймалардың бірінде ашық аумақта жатқан техникалық газ қабыршақты күкірт өртенген. Өндіріс орындары шоғырланған аумаққа Шымкенттің өртсөндірушілерінен бөлек, Түркістан облысының бірнеше ауданынан мамандар көмекке жетті. Қызыл жалын күйгеннен бөлек, улы иіске тұншыққан он адам ауруханаға түсті. Алтауы жедел жәрдем қызметкерлері болса, тағы біреуі өрт сөндіруші екен. Жалынмен арпалысып, күйіп, уланғандардың екеуі қазір ауруханада жатыр.

Мәдина Ермаханбетова, Т. Орынбаев атындағы жоғары қысымды оттегімен емдеу орталығының бас дәрігері:

  Бір науқас күйік бөліміне жатқызылды, 25 пайыз күйік алған. Қол-аяғы күйген. Сол жерде жанып жатқан кезде құлап қалған. Консервативті ем алады, оперативті ем алмайды. Сол себепті екі апта медициналық қызмет көрсетеміз. 26-27 шілдеде біздің орталық төтенше жағдай режимінде жұмыс істедік.

Өндіріс орнындағы апат Шымкенттің бүкіл қызметін аяғынан тік тұрғызып, тәулік бойғы жұмыс режиміне көшті. Улы иіс тараған соң индустриалдық аймаққа жақын маңдағы Шаңырақ елді мекенінің 400-ден астам тұрғыны қауіпсіз жерге эвакуацияланды. Бір бөлігі жақын жердегі мектепке орналасса, көпшілігі алыс-жақын туыстарының үйіне кеткен. Екі күндік дүрбелеңнен енді есін жиып жатқан тұрғындар әлі де үрей бар екенін жеткізді.

Дүрия Сариева:

Қайтадан сынама алып, біздің бала-шағамыздың денсаулығын тексеріп беруді өтініп жатыр. Ол иіс бірден кете қоймайды ғой. Әлі де жаңбыр жауса, қайта шығады дейді. Сондықтан суды, ауаны қайтадан зерттеп берсін дегендей, ауыл тұрғындарының талабы бар.

Ал индустриалды аймақтағы өрт шыққан аумақ қазір жабық тұр. Қақпаға құлып салынып, күзетшілер ешкімді кіргізбейді. Жалын шарпыған нысанның жанындағы мұнай өнімдері толы кәсіпорынның ғана жұмысы қызып тұр.

Апат орнында қазір тек төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Кәсіпорынға тіпті кәсіпкерлердің өзі кіргізілмейді. Сондықтан қойма мен өндіріс орындарының жұмысы әзірге тоқтап тұр. Жұмыстың қашан жанданатынын айта алмайды.

Индустриалды аймақтың басшылары өрт шыққан нысанды тараздық компания үш жыл бұрын жалға алған дейді. Мұнай өңдеу зауытынан шыққан күкіртті осында сақтап, қаптап, Таразға жөнелтіп жүрген. Жалға алушының өрт қауіпсіздігін сақтамауы өзге де өндіріс ошақтарына кесірін тигізгенін алға тартқан олар, келтірілген шығынды «енді есептейміз» дейді.

Мұқағали Шынарбаев, «Ордабасы» индустриалдық аймақ ЖШС коммерциялық директоры:

Әзірге, біздің есебіміз бойынша, шамамен бес мекеменің жұмысы тоқтап тұр, үлкен мекемелер. Тергеу жүргізіліп жатыр. Өзіміздің мекеме тарапынан зерделеу жүргізіліп жатыр. Газ сақталғаны ештеңе болған емес, оның қасында. Оны білмейміз ғой, төтенше жағдайлар айтады енді. Күкірттің өзінен өзі жануы мүмкін дейді. Әртүрлі болжам айтылып жатыр ғой.

Апат болған күннен бері СЭС мамандары ауадан бірнеше мәрте сынама алыпты. Соңғы сынама қала тұрғындарына қауіп жоқ деп көрсетіпті. Құзырлы орындар оқиғаның мән-жайын тексеріп жатыр. Жалын шыққан аумақтың іргесіндегі учаскеде, бірнеше тонна сап-сары күкірт тағы беті ашылған күйі ашық аспан астында жатыр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде