«Үйі бар да, жері жоқ». Жаңатұрмыста сатып алған жерін қайтара алмай жүр
Үйі бар да, жері жоқ. Алматы іргесіндегі Жаңатұрмыс ауылының тұрғындары бірнеше жылдан бері сатып алған жерімізді қайтара алмай жүрміз деп шағым айтты. 22 жер телімінің бұрынғы иесі де табыла кетіп, сот шешімімен соның меншігіне өтіпті. Енді жұрттың тұрып жатқан үйі сүрілуі керек. «Далада қалдық» деген 50 тұрғын бүгін тағы прокуратураға шағымдануға барды.
Автор: Шапағат Мырзабекова
29.07.2024
Жаңатұрмыс ауылының тұрғындарының «күндіз күлкіден, түнде ұйқысынан айрылғанына біраз болған. Себебі төрт жыл бұрын сатып алған жер телімдерінің иесі табыла кетіпті. Ең қызығы, тұрғындардың қолында нотариалды құжат та, сату-сатып алу келісімшарты да бар. Бірақ екі жылдан соң, сол құжаттың бәрі заңсыз болып шыға келген. Мәселе бірнеше рет сотта да қаралыпты.
Раушан Баймурзина:
— Жерді 10 рет тексерттік. АПЗ алдық. Одан кейін үйді салып кіріп, бірден ХҚКОЦО-ға келдім. Тағы 15 күн тексерді. Біз осы екі күн бұрын Егов-тан қарасақ, даулы мәселесі анықтамасын көрсек, біздің атымызда жер жоқ. Астында Смецкойдың аты тұр. Бірақ жер бұғатталған. Сонда да жер бір-бірінің атына аударыла бере ме?
Ақан Бесбаева:
— Нотариустан «бәрі таза» деп, бәрін берді ғой. Бізге енді мемлекеттік актіні бекер берген жоқ қой. Жерге салығын төлеп қойғанбыз. Төрт жылдың салығы төленген. Жерімді бермеймін! Ешкім де бермейді! Өмір бойы, 80-ге келгенше, пәтер жалдап тұруым керек пе?!
Жалпы жер сатып алуға тұрғындар 100 миллионнан аса қаражат жұмсаған. Кейбірі тіпті үйін де салып үлгерген. Заң бойынша жер мен онда орналасқан тұрғын үйдің иесі бір болуы қажет. Бірақ бұл Жаңатұрмыс ауылының тұрғындарына қатысы жоқ. Өйткені қазір 22 учаскедегі үй мен жер әртүрлі адамның атында.
Мейірман Шекеев, заңгер:
— 3,5 миллионға сатқан бағаны келісімшартқа 500 мың деп көрсеткен. Өйткені салықтан жалтару мақсатында жасаған. Бірақ бір де-бір сот оған құқық бағасын бермеген. Яғни соның пайдасына шығара берген. Мемлекетке 14 миллион теңге залал келтірілген. Бұлар адал сатып алушы, оған сөз жоқ. Іс материалдары бәрін дәлелдеп тұр.
Тұрғындардың айтуынша, Смецкой деген азамат пен оның досы сатып алған кезінде бірі ақшаны алған, ал екіншісі құжаттарға қол қойған. Жұрттың ендігі мақсаты – жіті тексеру және Жоғарғы сотқа шағымдану.
— Мұңымызды бүкіл Қазақстанға жариялаймыз! Сендер бізді естімейсіңдер!
Жұрттың ашулануына да себеп бар. Өйткені дәл осы мәселе жарты жыл бұрын да қозғалған. Онда да прокуратура қызметкерлері «мәселенің мән-жайын тексереміз» деп шығарып салды дейді тұрғындар. Бүгін де олар қажет болса, жоғарғы жаққа ұсыныспен шығамыз деп қана шығарып салды.
Жәнібек Жақаев, Қарасай ауданының прокуроры:
— Қарасай ауданының прокуратурасы Алматы облысы апелляциялық сатысында қаралатын азаматтық істерге жауап бере алмайды. Сіз оны білесіз. Өйткені біз тек өз шеңберіміздің құзыретінде тек қана аудандық соттың шешім, үкімдеріне ғана жауап бере аламыз. Егер заңсыз деп тапса, біз Алматы облысы прокуратурасына, жоғары тұрған прокуратураға ұсынысымызбен шыға аламыз.
Бірнеше жылға созылған жер дауы бұнымен бітер емес, әлі талай сот инстанциясы күтіп тұр. Сондықтан үйі бар, бірақ жері жоқ жұртқа күтуден басқа амал жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!