{metadescription}
Қызына ғашық болып, ерлі-зайыпты зейнеткерді өлтірген
Қызына ғашық болып, ерлі-зайыпты зейнеткерді өлтірген

Қызына ғашық болып, ерлі-зайыпты зейнеткерді өлтірген

Махаббат үшін сұмдық қылмыс жасаған. Алматыда өртенген үйден ерлі-зайыпты зейнеткерлердің мәйіті табылды. Қаскөй алыстан келмепті. Ол жетпістегі қариялардың қызына ғашық адам екен. Марқұмдар екеуінің көңіл жарастырып, бірге сол үйде тұруына үзілді-кесілді қарсы болған. Жігіт ішкілікке жақын еді,- дейді көршілері. Күнде шығатын айқай-шудың соңы осындай қанды қылмысқа әкелген. Жантүршігерлік оқиғаның жай-жапсарын КТК тілшісі біліп келді.

Сенбі. Таңғы сағат үш. Арқасына сөмке асып, бас киімін бастыра киіп алған ер адам асығыс кетіп бара жатыр. Жол-жөнекей тіпті бір құлап алады. Қалада тайраңдап жүрген оның бірер минут бұрын ғана кісі өлтіріп, үйді өртеп жібергенін кім білген.

Үйдің кіреберісі. Болжам бойынша, күдікті түнгі сағат үшке таман есік қағады. Ұйқысынан оянған қария есік ашыпты. Қаскөй оны бірден пышақтап тастаған. Зейнеткердің денесі осы жерде жатқан екен. Күдікті үйдің ішіне қарай кіреді. Бөлмеде зейнеткердің әйелі болыпты. Қаскөй оның басынан ұрып есінен тандырған.

Осы тұста күдіктінің қылмысынан кейінгі келесі әрекетіне қатысты екі нұсқа бар. Бірі ізін суыту үшін үйді бірден өртеп жіберген, бірақ немен, қалай екені белгісіз. Екіншісі газды ашып кетіп қалған. Талып қалған әжей есін жиып, жарықты қосқан кезде жарылған дейді көршілері. Сол түні үйдің ішінде зейнеткерлер бағып жүрген аурушаң бала болыпты.

Евгений Круглов, көршісі:

Қатты гүрсілден ояндым. Сыртқа шықсам, сол үйдегі аутизммен ауыратын баланың дауысын естідім. Дереу өртеніп жатқан үйге секіріп кіріп, баланы далаға шығардым. Оның жанында қария жатыр екен. Ұстап қарасам, қайтыс бопты. Сөйтіп, оның әйелін іздеуге көштім. Бірақ таба алмадым. Ал қызы сыртқа өзі шыққан екен.

Өрт шыққан үйдегі басқа адамдардың тірі қалуының себебі: 200 шаршы метр аумақтағы баспанада төрт отбасы тұрады, бір-бірін тек қабырға бөліп тұр. Марқұм қарияның қызы да осында 46 жастағы көңілдесімен бірге тұрыпты. Алайда көршілері ата-анасы ол жігітпен қосылуына қарсы болғанын айтып отыр. Себебі, екеуі де жұмыс істемеген. Тек қариялардың зейнетақысына күн көріп жүрген. 

Татьяна Дьячкова, көршісі:

Ол жиі арақ ішетін. Сондықтан қыздың әкесі оған түбегейлі қарсы болды. Ұрыс-керіс жиі болатын. Ол: «мен Женяны өлердей сүйемін, онсыз өмір сүре алмаймын» дейтін. Тіпті сол үшін өзінің тамырын кескен. Женя да оны жақсы көретін.

Сүйген жарымен қосыла алмаған қаскөй өзіне кедергі болған қыздың ата-анасына осылай құтылмақ болған көрінеді. Бірақ қылмыс жасап жазадан сытылып кетемін деген ойы жүзеге аспады. Тәртіп сақшылары оны бір тәуліктің ішінде қолға түсірген.

Салтанат Әзірбек, Алматы ПД ресми өкілі:

Қылмысқа біраз дайындалғанына көз жеткізіп отырмыз. Өйткені жәбірленушілердің үйіне өз көлігімен келмей, көлігін бірталай алыс жерге тастап, өзі жаяу келіп, содан соң қылмысын жүзеге асырған соң, көлігіне жаяу жеткен. Із кесу шараларында бір тәулікте күдіктінің аты-жөні анықталып ұсталды.

Махаббаты үшін қылмыс жасаған 46 жастағы қаскөйге қатысты адам өлтіру бабымен іс қозғалды. Ол енді 15 жыл немесе өмір бойына дейін түрмеде отыруы мүмкін.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде