«Үйдегі жанжал». Таразда күйеуі әйеліне бензин құйып өртеп жіберді
Таразда ер адам отбасында болған жанжалдан кейін әйелінің үстіне бензин құйып өртеп жіберді. Денесін түгел күйік шалған алты баланың анасы жансақтау бөлімінде жан тапсырды. Ал әйелі мен үйін өртеп қашқан 54 жастағы азаматтың өлі денесі үйіне жақын маңнан табылған. Ол өзіне қол жұмсағанға ұқсайды.
Автор: Сәбит Әлдебай
31.07.2024
Бүтін бір отбасының ойранын шығарған сұмдық оқиға кеше түнгі сағат 11 шамасында қала маңындағы жеке секторда болған. Куәгерлердің айтуынша, өртенген үйдің иесі жақында түзеу мекемесінен шыққан. Алайда бұл үймен қоңсы отырған көршілері бұл азаматтың теріс қылығын көрмедік дейді. Түнде болған жағдайды таңда естіген олар бұл оқиғаға сене алар емес.
Ділдә Сыдыманова, көршісі:
— Қарапайым отбасы. Біз алғаш келгенде үйлері күркетауықтай кішкентай ғана болатын. Екеуі де еңбекқор, өз еңбектерімен осы үйді тұрғызды. Жақында ғана шатырын салған. Енді пендеміз ғой, ненің ортасына кіріп кеткенін, орталарында не болғанын естіп-білген жоқпыз. Балаларын туысқандарының үйіне түнде алып кетті.
Өрт болған кезде балалар үйде болмаған. Үйде шалажансар күйде жатқан әйел жедел жәрдеммен жансақтау бөліміне жеткізілген. Денесінің 98 пайызы күйіп қалған әйел таңға жуық жан тапсырды — тыныс алу жолын да от қарып өтіпті. Әйелі мен үйін өртеп қашқан 54 жастағы азамат алысқа ұзамады, полицейлер күдіктінің өлі денесін үй маңынан тапқан.
Құндыз Бөгенбаева, Жамбыл облысы ПД баспасөз қызметінің өкілі:
— Түрмеден жуырда ғана босталыған 54 жастағы ер адам әйелімен тұрмыстағы жанжал кезінде өз үйін өртеп жіберген. Денесін күйік шалған әйел ауруханада қайтыс болды. Күдікті оқиға орнынан жақын маңнан өлі күйінде табылды. Алдын ала болжам бойынша, ол өзіне қол жұмсаған. Аталған деректерге қатысты қажетті сараптамалар тағайындалды.
Бір күнде ата-анасы мен баспанасынан айырылған балалардың ең кішісі үш жаста болса, үлкені 22 ге толған. Сұмдық оқиғадан секем алған тұрғындар жетім қалған балаларға алаңдап отыр. Өйткені өртенген үй қайта жөндеуге келмейді. Жұрт оларға жылу жинауға көшіпті. Тұрғындар туысқандарының үйін уақытша паналаған балаларға қандай бір көмек бермек ниетте.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!