Шомылу маусымы: 102 адам суға кеткен, оның 35 — бала
Шомылу маусымы басталғалы бері 102 адам суға батып кеткен. Оның 35-і бала. Былтырғы статистика бұдан да қорқынышты болғанымен, оқыс оқиғалар жер-жерде әлі де тіркеліп жатыр.
Автор: Мерей Қалиасқар
31.07.2024
Оқыс оқиғалардың көбі рұқсаты жоқ әрі қауіпсіздік мүлде қамтамасыз етілмеген су айдындарында болған. Дені 38 бен 43 жас аралығындағы ер-азаматтар. Өкінішке қарай, көпшілігі мас күйінде шомылып, өз күшін асыра бағалаған.
Сондай-ақ баласын қараусыз қалдыратындар да азаймай отыр. Төтеншеліктердің арқасында жыл басынан бері 63 бала құтқарылыпты. Судағы қауіпсіздікті сақтамағаны үшін әкімшілік жауапқа тартылғандар саны биыл сегіз есе көбейген.
Айта кетейік, ережені бұзғандарға салынатын айыппұл көлемі 26 мың теңге шамасында. Ескертуді елемейтін азаматтарға төтенше жағдайлар министрлігі рұқсат етілген және қауіпсіз орындарда демалу қажет екенін тағы еске салды.
Ақылбек Ахметжанов, ҚР ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитеті төрағасының орынбасары:
— Балаларды судың жанында қараусыз қалдырмаңыз және олардың өздігінен шомылуына жол бермеңіз. Тыйым салу белгілері орнатылған және мас күйінде бейтаныс және жабдықталмаған жерлерде шомылуға немесе суға түсуге болмайды. Жүзу шекаралары белгілеген қалтқылардан асып жүзбеңіз. Тағы да ескерте кететін жайт, апат болған жағдайда «112» телефонына хабарласыңыздар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!