Алматыда Шаңырақ тұрғындары жаңа асфальттың сапасына шағымданды
Жылдап күткен жол көңілден шықпаған. Алматыдағы Шаңырақ ықшамауданының тұрғындары көшеге жаңа төселген асфальттың сапасына шағымданды. Жұмысшылар ойқы-шойқы ескі жолдың үстіне жаңа жабынды төсеп, жаяу жүргіншіге арналған тротуарды ұмыт қалдырды, дейді. Ал Алматы мобильді басқарма барлық жұмыс жоспарға сай атқарылды деп отыр. Олқылықтар анықталған жағдайда мердігер компания оны өз есебінен қайта жөндеуге тиіс екен.
Автор: Әсем Лесбек
31.07.2024
Шаңырақ-1 ықшамауданының тұрғындары Есентай көшесінің бүгінгі келбетін әлеуметтік желіге жүктеп, жергілікті биліктен жауап сұрауда. «Ескі жолды одан әрі ойқы-шойқы қылды» деген олар, шала атқарылған жұмысты сынады — құбыр жүргізген мердігер компанияның қазған жеріне жұқа асфальт жабындысы төселген.
Дастан Әубәкіров:
— Су кәрізі жаңадан тарттылған. Артынан қалпына келтіруінің түрі мынау. Бұрын көшеде кеңінен асфальт болған. Жобада қазылған траншеяда ойық бар, қиыршық тас салу керек, кәдімгідей нығыздап. 7 см асфальт салу керек. Траншея жоқ жерге 5 см салу керек. Олар оның ешқайсысын істеген жоқ. Алды да, ортақ енімен 5 см асфальт салып кетіп қалды. Ертен оның асты отырып қалады.
Тұрғындар жаңа асфальтты төрт жыл бойы күткен. Өйткені су мен кәріз құбырын тартқан мекеме қазып тастап, жолдардың астаң-кестеңін шығарған.
Жүзімкүл Үсенбекова:
— Балалар мектепке балшық басып, қанша қорлық көрдік. Қанша шаң жұттық. Ендігі жеткен түріміз мынау. Шала-пала бірдеңе істеп жатыр. Анау көшені көріңіздер, қисық-қисық, шұқыр-шұқыр. Талабымыз — жөндеп жасасын. Бәріміздің көңілімізден шығуы керек.
Райымбек Нұрман:
— Асфальтты дұрыс жасаған жоқ. Қараңыз, қисық-қисық қып жасап кетті. Әкімшіліктен қадағалайтын бір адам болу керек қой! Қалай жұмыс істеп жатқанын қадағалайтын. Әкімнің өзі де білмейді, мынаның астында қандай құбыр жатқанын.
Халықтың көңілін көншітпей отырған мәселе — асфальттың тым жұқа салынғаны. Сондай-ақ олар жабындының кейбір көшеге 5 сантиметр, кейбіріне 4 сантиметр төселгеніне наразы. Ал әкімдік «жол сапасын қадағалау міндетімізге кірмейді» деді.
Әділ Төлегенұлы, Алатау ауданы әкім аппараты, коммуналдық-шаруашылық бөлімінің бас маманы қызметін атқарушы:
— Алматы қаласы және энергетика басқармасы тарапынан су және кәріз желілерін салу жүргізіліп жатыр. Жолды тексеретін арнайы мамандар бар, жол сапасы орталығы деген бар, сол мекеменің мамандары келіп, жолдың сапасын тексереді. Аудан әкімшілігі бұл жерде тапсырушы емес. Сондықтан да біз бұл сұраққа жауап бере алмаймыз.
Ал тапсырыс берген Алматы мобилдік басқарма жаңа төселінген асфальт әлі кеппегенін, олқылықтар анықталса, оны түзейтінін жеткізді.
Нұрзат Ордабаев, Алматы мобильді басқармасы көше-жол желісін дамыту бөлімінің басшысы:
— Біз тек үстіңгі қабатын жасаймыз. Бізге кіретіні тек 5 сантиметр асфальт. Тұрғындарың айтып жатқаны, бүгін асфальтты жаңадан салып жатыр. Күннің ыстығын көріп тұрсыз, 35-40 градус. Егер бұл қателік, дұрыс жасамағаны, мердігер болса, ол өз ақшасына қайта жөндейді. Егер бәрі дұрыс болса, онда біз зертхана арқылы тексеріс аламыз.
Мобильділік басқарманың дерегінше, ықшамауданның жоспармен 28 көшеге асфальт төселуге тиіс. Жұмыс қазан айына дейін бітуі керек. Ал жаяу жүргіншіге арналған тротуар салу жоспарда жоқ, деді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!