«2029 жылға дейін шатырсыз қалай тұрамыз?» Павлодарда апатты үйдің тұрғындары үреймен отыр
Павлодарда әзер тұрған екіқабатты ағаш үй дауылдан соң шатырсыз қалды. Өткен ғасырдың 40-шы жылдары салынған баспанада су құбыры мен кәріз жүйесі де жоқ. Ал үйде бірнеше отбасы тұрып жатыр. Жауынды күні қабырғадан сорғалаған судан тұрғындардың әбден мазасы қашады.
Автор: Ақмаржан Қайсарқызы
31.07.2024
Екіқабатты бұл үйдің шатыры бір жарым ай бұрын опырылып, бірінші қабатқа дейін түскен. Жаңбыр жауа қалса, жергілікті жұрттың зәресі ұшады. Себебі баспананың төбесінен су бойлап ағып, қабырғасы да опырылуға шақ тұр. Тұрғындар шарасыздың күйін кешіп отыр.
1940 жылы бой көтерген нысан екі жыл бұрын апатты деп танылған. Сүрілуге тиіс үйді бірнеше отбасы әлі паналап келеді. Айнаш Арқаева осында 20 жыл бұрын көшіп келген. Қазір аядай пәтерде екі баласымен тұрады. Жаңбыр жауған күні төбеден су сорғалап, одан сайын берекесін қашырады.
Айнаш Арқаева:
— Осы үйдетұрып жатырмыз. Төбеден су ағады. Шатыры жоқ. Жерге леген қоямыз. Мынау құласа, астында қаламыз. Мынау ұстап тұр, міне, мына қабырға.
Шенеуніктер бірнеше жыл бұрын бұл шағын ауданды «жаңартамыз» деп жергілікті жұртты бір қуантқан. Жоспармен ескі екіқабатты үйдің орнына 9-10 қабатты 723 пәтерден тұратын тұрғын үй кешені бой көтеруі тиіс екен. Алайда жаңа баспананың құрылысы бес жылдан кейін ғана аяқталмақ.
Екатерина Полякова:
— 2029 жылға дейін шатырсыз қалай өмір сүреміз? Егер қала билігі басқа баспана бере алмаса, кем дегенде, шатырды жөндеп берсе дейміз. Өйткені өмір сүру мүмкін емес. Барлық пәтердің шатыры шұрық-тесік. Жаңбыр суы үйге кіреді. Менің төбемнен тіпті су сарқырап ағады. Шатыр басыма түссе, барар жерім де жоқ.
Шағын ауданды жаңғырту үшін ескі үйлерді сүріп тастау керек. Ол үшін алдымен мұндай 200-ге жуық отбасын уақытша баспанаға орналастыру қажет. Бірақ олар жалдамалы пәтер жағалап жүргенімізде, жер сипап қалмаймыз ба деп уайымдайды.
Людмила Чечуй:
— Бұған дейін мұнда 348 үй бұзылды. Мердігер сол үйдің тұрғындарына үй жалдауға қаражат бөлеміз деп уәде берген. Бірақ ешқайсына бір тиын төленбеді. Енді тұрғындар прокуратураның табалдырығын тоздырып, арыз жазып әлек. Біздің үй де бұзылған жағдайда солардың күйін кешкіміз келмейді. Олар бір жыл бойы пәтер жалдап күнелтіп жүр. Бұл не деген сұмдық?!
Ал шенеуніктер тұрғындардың мәселесі шешіледі деп жауап қайырды. Айтуынша, бұл үй бірінші болып сүріледі. Алайда мұнда кей пәтердің кепілде тұрғаны және инвестор таба алмауы – жұмысты бастауға қолбайлау болып тұр.
Қадиша Беготаева, Павлодар әкімінің орынбасары:
— Инвестор табу, сатып алу, рәсімдеу,шамамен тамыз айының соңы, қыркүйек айының ортасына дейін шешіледі.Кейін генерал Дүйсенов көшесіндегі №383 үйдің тұрғындарына жалға берілетін пәтер қарастырылады. Барлық отбасын үймен қамтуды инвестор толық өз мойнына алады.
Осылайша атқамінерлер шатыры жоқ үйдің тұрғындары кезең-кезеңімен көшірілетінін жеткізді. Ал оларға уәде етілген баспана құрылысы келесі жылы ғана қолға алынбақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!