«Дайындық қызды». Шымкентте жылыту маусымына дайындық 72 пайызға жетті
Шымкентте жылыту маусымына дайындық қызды. Газ мамандары таратушы жүйелерді жөндеп, тозған құбырларды жаңартып жатыр. Қыс қамын жазда ойлаған QazaqGaz ұлттық компаниясы қазірдің өзінде Шымкенттегі жылыту маусымына дайындық 72 пайызға жеткен.
Автор: Бек Әбиев
31.07.2024
Шымкент табиғи газбен 96 пайыз қамтылған. 236 мың абоненттің қажеттілігіне сағатына 370 мың текше метр газ беріледі. Жыл соңына дейін тағы жеті шағын ауданды газдандыру жоспарланып отыр. Сондықтан аймаққа QazaqGaz компаниясының басшысы арнайы жұмыс сапарымен келіп, жылыту маусымына дайындықты пысықтады.
Санжар Жаркешов, «QazaqGaz ҰК» АҚ басқарма төрағасы:
— Тұтыну көлемі жақын арада 500 мыңға жетеді. Сондықтан сол мүмкіндікті беру үшін мұның барынша жоба деңгейіне жетуге жөндеу жасау керек. Бірінші қыркүйекке дейін барлық жұмысты бітіреміз.
Ұлттық компания тозығы жеткен желілерді жаңартуға басымдық берді. Орнатылғанына жарты ғасыр болған Шымкенттегі төрт газ тарату бекетінің міндетін енді заманауи станция алмастырады — жоғары қысымды газ абонентке реттеп жеткізіледі.
Жылыту маусымына дайындық аясында үйлерге газ жеткізетін әрбір жабдық мұқият тексеруден өткізіліп жатыр.
Талғат Дүйсенов, слесарь;
— Учаскемде 1100 тұтынушым бар. Жылыту маусымы алдында осылай тазалаймыз. Ішіндегі шаңды тазалаймыз.
Инвестициялық жоба аясында Шымкентте жаңғырту бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Биыл ауқымды жұмыстың үшінші кезеңінде 76 шақырым болатын құбыр ауыстырылған.
Ермек Қалдығұлов, «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ Шымкент өндірістік филиалының директоры:
— Газ құбырлары қазір қолданыстағы заманауи полиэтилен құбырларына ауыстырылып жатыр. Тозбайды, шірімейді. Эксплутация мерзімі әлдеқайда ұзақ.
Шымкент қаласы бойынша нақты тұтынылатын газ көлемін есепке алуды цифрландыру арқасында абоненттің мекенжайы GPS арқылы анықталып, оның қанша газ тұтынатынын газ мамандары қашықтан көріп отырады. Бүгінде QazaqGaz Aimaq компаниясының жылыту маусымына дайындығы Шымкентте 72 пайызға жетті. Ал күзге дейін мегаполис құбырлары 100 пайыз тексеріліп, бүкіл ақауы жөнделеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!