Мектепке дайындық: 77 мың оқушыға қаржылай көмек аударылды
Мектепке баланың киім-кешегі мен оқу құралын сатып алуға 43 мың теңгеден бөлінеді. Қаржылай көмек аз қамтылған, атаулы әлеуметтік көмек алатын, асыраушысынан айрылған жеткіншектер мен жетімдерге арналады.
Автор: Жаңалық Ахаш
01.08.2024
Биыл тасқыннан зардап шеккен оқушылар да назардан тыс қалмапты. Қазір мектептерде ата-аналардан құжат қабылдап жатыр. Өтініші мен сұралған деректер толық болса, ақшасын бірден әке-шешесінің есеп-шотына аударады. Бар өңірде осындай әр оқушыға 43 мың теңгеден көмек қарастырылған. Тек Алматы қаласы әкімдігі ғана 50 мың теңгеден беруді жөн деп шешіпті. Оқу-ағарту министрлігіндегілер осы қаражат сабаққа керек-жарақты алуға жетеді деп отыр. Онымен қоса ата-ана балаға берілген ақшаны өз қажетіне жарата алмайды. Оқу-құралы мен мектеп формасын сатып алғанын растайтын түбіртекті тапсыруға міндетті екен. Қазіргі күні 77 мың баланың мектепке қажетіне ақша аударылған.
Жолдас Батырхан, Оқу-ағарту министрлігі, Бала құқығын қорғау комитеті төрағасының орынбасары:
— Біздің есебіміз бойынша елімізде 510 мыңға жуық бала көмекпен қамтылады. Тиісті қаражат өңірлерге жеткілікті бөлінді. Қаражат жергілікті бюджеттен бөлінеді және әрбір мектеп арқылы төленеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!