{metadescription}
Павлодарлық салымшылар бірнеше жыл бойы баспанасын ала алмай жүр
Павлодарлық салымшылар бірнеше жыл бойы баспанасын ала алмай жүр

Павлодарлық салымшылар бірнеше жыл бойы баспанасын ала алмай жүр

Павлодарлық салымшылар бірнеше жыл бойы уәделі баспанасын ала алмай жүр. Ипотекалық бағдарлама арқылы баспаналы боламыз деген жұрт жаңа үйден үмітін үзген. Себебі осыдан бір жарым жыл бұрын берілуі тиіс болған кешеннің құрылысы орта жолда тоқтап қалған. Тоғыз қабатты нысаннның қашан салынып бітерін ешкім нақты айта алмай отыр.

Көпқабатты үйдің салымшылары екі жылдан бері баспанаға қол жеткізе алмай сандалып жүр. Үйден үмітін үзгендер көптен күткен пәтерлерінің кілтін өткен жылдың сәуірінде алуы тиіс еді. Тоғыз қабатты үй болады деп жоспарланған баспананың іргетасы қаланғанымен, құрылысы бесінші қабатқа келгенде тоқтап қалған.

Қоныс той жасаймыз деп жоспарлаған салымшылар құрылысы аяқталмаған үйлерінің маңын жағалап жүр. Бастапқыда үй құрылысы баяу жүргізілсе, қазір тоқтап тұр. Ал нысанның төлқұжатында құрылыстың басталып-аяқталатын мерзімі де жазылмаған. Соңғы тиынын балаларының аузынан жырып, жаңа үйге салған жандар пәтер жалдап күн көріп жатыр.

Бақытбек Шарбакпаев, салымшы:

«Отбасы банкіне» жеті жыл бойы ақша құйып келемін. Бұл бағдарламаны ұзақ күттік. Оның талабына сай келіп тұрғанымызды естігенде қатты қуанып едік. Бұл үйдің құрылысы басталғанда бір ғана балам бар еді. Ал қазір үшінші сәбиімізді күтіп жүрміз. Екінші балам туғанда жаңа үйге көшеміз бе деп едік. Бірақ әлі баспанамызға қол жеткізе алмай жүрміз. Енді үш баламен әлі бір бөлмелі пәтерде тұрып жатырмыз. Бізге уәде еткен үйімізді тез арада салып берсін.

Жаңа қонысқа кіруі тиіс жандардың бірі Жанар Ғаббасова. Жиған-тергенімді баспанаға салдым деген ол жасым жеткен шағымда далада қаламын ба деп уайымдайды. Өйткені екі жылдан кейін зейнетке шығып, аталмыш бағдарламаның талабына келмей қалуым мүмкін, дейді ол.

Жанар Ғаббасова, салымшы

Зейнетке шығуыма екі жылдан аз уақыт қалды. Егер оған дейін үй салынып бітпесе баспанасыз қалуым мүмкін. Мен алты жыл бойы банкке ақша құйып, барымды жинадым. Түрлі бағдарлама болғанымен, менің жағдайыма тек осы ғана келіп тұр. Сондықтан бұл үйдің құрылысы жақын уақытта аяқталмаса, далада қаламын. Барған жеріміз, баспаған тауымыз жоқ. Қала билігі біздің мәселемізге араласып, шешіп берсе дейміз.

Қала әкімдігі салымшылар баспанасыз қалмайды деп сендіріп отыр. Мердігердің жауапсыздығына байланысты бұл мәселе сотқа жетті дейді шенеуніктер. Яғни мердігер ұйымды "жауапсыз" деп таныған жағдайда, кешен құрылысын жаңа компания қолға алады.

Қадиша Беготаева, Павлодар қаласы әкімінің орынбасары:

Қазір әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы бұл кешеннің құрылысын жүргізген мердігерді сотқа берді. Егер компания жауапсыз деп танылса, қайта конкурс жарияланады. Жаңа мердігер анықталғаннан кейін ғана құрылыс жұмысы жалғасады. Ал әкімдік тарапынан конкурсқа тек жауапты мердігер компаниялардың қатысуын қатаң қадағалаймыз. Дегенмен бұл — конкурс. Сондықтан бұл жұмысты кім қолға аларын әзірге болжау қиын.

Алайда бұл жауап екі жылдан бері үйін күткен жұртты жұбатпады. Өйткені жыр болған тұрғын үйдің құрылыс жұмысы бүгін-ертең жалғаспасы анық. Сондықтан салымшылардың жаңа мердігер ұйымның белгіленгенін күтуден басқа амалы жоқ.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде