{metadescription}
Қырғызбаевтың қоласы «алтынмен пара-пар» деген кәсіпкерлер оған әуежайда көлік мінгізді
Қырғызбаевтың қоласы «алтынмен пара-пар» деген кәсіпкерлер оған әуежайда көлік мінгізді

Қырғызбаевтың қоласы «алтынмен пара-пар» деген кәсіпкерлер оған әуежайда көлік мінгізді

Париж олимпиадасына қатысқан дзюдошылар елге оралды. Бүгін Алматы әуежайында ине шаншар орын болмады. Әсіресе, алтын жүлдегер Елдос Сметов пен қола медаль қанжығалаған Ғұсман Қырғызбаевтың жанкүйерлерінде есеп жоқ. Қырғызбаевтың қоласы «алтынмен пара-пар» деген кәсіпкерлер оған әуежайда су жаңа көлік мінгізді. Париждегі Жазғы олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы дзюдодан 122 елдің ішінде жетінші орынға жайғасқан.

Таңертеңнен Алматы әуежайының жаңа терминалында мерекелік көңіл күй орнады. Себебі, Париж олимпиадасында дзюдодан ел намысын қорғаған спортшылар оралды. Олардың қатарында Елдос Сметов алтын жүлдегер және Гусман Қырғызбаев қола медаль алған спортшымыз да бар.

Жүлдегерлердің жақындары, жанкүйерлері, тілшілер бәрі осында. Қолында құшақ-құшақ гүл шоқтары, көк ту, жалынды сөздер жазылған плакаттар. 60 келі салмақта сынға түсіп, алтын медальмен оралған Елдос Сметов басты назарда.

Париж төрінде көк туды желбіреткен Елдоспен суретке түсуге, қолтаңба алуға бәрі асық. Алайда оған жақындау оңайға соқпады. Спортшыны арнайы жасақ жауынгерлері қоршап, көп адамды жақындатпады. Сондықтан чемпионмен тілшілер де тілдесе алмады. Алайда ол алғысын видео арқылы жеткізді.

Елдос Сметов, Дзюдодан Париж олимпиадасының чемпионы:

Бүгінгі іс-шарада мені құрметтеп күтіп алып, маған уақыт бөліп келгендеріңізге үлкен алғысымды, рахметімді айтамын. Жеңісті күндеріміз көп болсын. Көк туымыз көкте желбірей берсін!

Ғұсман Қырғызбаевтың қоласы жанкүйерлер үшін алтынмен пара-пар. Оның жеңісіне қуанған кәсіпкерлер әуежайда су жаңа көлік сыйлады. Спортшы қола медальді жұрт осылай бағалайды деп күтпесе керек.

Ғұсман Қырғызбаев, Дзюдодан Париж олимпиадасының қола жүлдегері:

Орын алғанда сол жерде қатты білінген жоқ еді. Алматыға келіп қонған кезде, күтіп алып жатқан кезде, енді білініп жатыр. Қола медальдің өзі қазақ елі үшін сондай бір мақтаныш екен.

Франция астанасына үлкен үмітпен барып жүлдесіз қалған спортшылар да оралды. Олардың ішінде Әбиба Әбужақыноваға халықтың ықыласы ерекше. Жарыстардан медальсіз қайтып үйренбеген Әбиба жолы болмағанын айтады.

Әбиба Әбужақынова, Париж Олимпиадасының қатысушысы:

Төрт белдесу өткіздім. Бірақ медальға бір қадам қалғанда ұтылып қалдым. Мұнымен, тоқтап қалмаймын. Осыншама Қазақстан халқының маған деген қолдауын біліп жатырмын. Бұдан да күш-жігер аса түсті деп айтамын.

Осы олимпиада ойындарында дзюдодан Қазақстан құрамасы 122 елдің ішінде жетінші орында жайғасқан. Бұл көрсеткішке бапкерлер дән риза. Ал жеңіліс тапқан спортшылармен алда қарқынды жұмыс істемелмек.

Нұрбол Сүлейменов, дзюдодан Қазақстан ерлер ұлттық құрамасының бас бапкері:

Жеңілген спортшылар әрі қарай жұмыс істейді. Жаңағы психология жағынан жұмыс істейді. Одан кейін жаңағы жетіспейтін күш-қуат, жігер, соның бәрімен жұмыс істеуіміз керек. Өздері көрді. Не істеу керегін біледі. Енді төрт жылда соның бәрін түзеп, келесі Олимпиадаға дайын бару керек.

Елдос Сметов алтын жүлде үшін мемлекеттен 250 мың доллар, ал Ғұсман Қырғызбаев 75 мың доллар сыйақы алады. Ал Парижден «әттеген-аймен» оралған дзюдошылар Лос-Анджелесте «намысты қолдан бермейміз» деп уәде етіп отыр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

20 желтоқсан

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде