Атырауда ата-аналар баласын балабақшаға орналастыра алмай шулап жүр
Жүйкені жұқартқан жоба. Атырауда баласын балабақшаға орналастыра алмай әуре-сарсаңға түскен ата-аналар шу шығарды. Биыл балабақшаға жолдама пилот жобамен беріліп жатыр. Оқу-ағарту министрлігі «мінсіз» деп мақтауын асырғанымен, жоба ата-аналарды әлекке салған. Қиын кезектің кесірін балабақша иелері де тартып отыр.
Автор: Жанат Молдашова
06.08.2024
Бірнеше айдан бері ұл-қызын балабақшаға орналастыра алмай жүрген аналар. Биыл оқу-ағарту министрлігі құжаттарды цифрландыру әрі ыңғайлы ету мақсатында тағы бірыңғай деректер жобасын іске қосқан. Ол Сол жұрттың жүйкесін жұқартыпты.
E-Govтан «балаңыз қабылданды» деген хабарлама келеді. «Артынша мұны жоққа шығарып, қырық құжат сұрап, әрі итеріп, бері жықты» - дейді жиналғандар. Тіпті жаңа база көпбалалы аналардың статусын да жоққа шығарған.
Марал Хасанова:
— «Сіздің құжат өтпей жатыр», «қол қойылмай жатыр» дейді. Ойбай, «е-Gov арқылы жіберіңдер» деді, жібердік, «тағы өтпей жатыр» дейді. Себебі: менің екі балам он сегізге толып кеткен. Артында кәмелетке толмаған төрт балам бар. «Сіздің орныңыз ешқайда кетпейді, сақталады» деп, үйге жіберіп қойды. «Уайымдамаңыз» деп, нөмірін, бәрін жазып алған. Кеше, жексенбіде архивке түсіп қалды. «Сіздердің орындарыңыз жоқ» дейді.
Осылай әбігерге түскен жүздеген ата-ана бірнеше күннен бері жауаптылардың есігін күзетіп жүр. Бұл цифрлық жүйе мемлекеттен субсидия алып отырған жеке балабақшасы бар кәсіпкерлерді де шығынға ұшыратқан. «Қазір бәрін қойып, күні-түні ата-аналардың құжаттарын реттеумен отырмыз» - дейді.
Лаура Сұлтанова, кәсіпкер:
— Біз бірінші маусымнан бастап ешқандай дау-дамайсыз, өзінің кезегімен балаларды қабылдап отыратынбыз. Осы жолы маусым айы балаларды шығарып тастадық. Күттік. Шілдеде күттік. Екі ай. Бақандай алпыс күнді жоғалттық. Жаз уақытында барлық балабақша тәрбиешілері 56 күндік демалысқа кетеді. Бізде үлкен проблема — балабақшаға балаларды уақтылы алмағандықтан, қызметкерлерінің жалақысын уақтылы бере алмай отырмыз.
Шу шығарған ата-аналар мен жеке балабақшасы бар кәсіпкерлерді облыс басшылары қабылдады. Жаңа жүйенің жүйесіздігінен кезектен қағылған балаларды «қағаз жүзінде болса да қабылдаймыз» деді жергілікті басшылар.
Жасұлан Бисембиев, Атырау облысы әкімінің орынбасары:
— Біз қазір бөлек шешім қабылдаймыз. Оларды біз ысырып тастай алмаймыз. Өйткені оларға мемлекет айтты, балаларыңыз тіркеліп тұр деп. Сондықтан олардың барлығын басқаша әдіспен, бәлкім қағаз арқылы шешеміз. Сол мәселені шешуге міндет қоямыз.
Ал дау болған бірыңғай деректер базасының мәселесін министрлікпен бірлесе отырып шешеміз деп уәде берді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!