Қазақстан мен Өзбекстан президенттері екі елде ЖОО өкілдіктерін ашты
Қазақстан мен Өзбекстан президенттері бүгін екі елде жоғары оқу орындарының өкілдіктерін ашты. Шавкат Мирзиеевтің мемлекеттік сапары аясында Шыршықтағы Оңтүстік Қазақстан университеті мен Алматыдағы Ташкент инженерлік институтының ресми ашылу салтанаты Ақордада бейнебайланыс режимінде өтті.
Автор: Мерей Қалиасқар
08.08.2024
Ал маңдайалды білім ордаларының ашылуына дейін, яғни таңнан бері қос президент шағын және кеңейтілген құрамда бірқатар келіссөз жүргізіп үлгерді. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев алдағы 10 жылға арналған стратегиялық әріптестік жобасын бекітті. Соның аясында ауыл шаруашылығы мен машина жасаудан бастап, энергетика, коммуникация және цифрландыру салаларына дейінгі ынтымақтастық әлеуетін толық пайдалану көзделіп отыр.
Мемлекет басшылары екіжақты қарым-қатынасты арттыруға бағытталған оннан астам маңызды құжатқа қол қойды.
Президенттер саясаткерлердің ғана емес, сонымен қатар туыстас халықтың бір-біріне деген құрметі мен достығын ерекше атап өтті. Мұның дәлелі ретінде Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан президентіне Қазақстан Республикасының ең жоғарғы мемлекеттік наградасы – «Алтын Қыран» орденін тақты. Оған қоса елорда төрінде ұлы ақын, көрнекті ойшыл Әлішер Науаидың еңселі ескерткіші бой көтерді. Тоқаев бұл да қазақ жұртының өзбек халқына деген ерекше ықыласының белгісі екенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
— Біз – ежелден еншісі бөлінбеген ағайын елміз. Жұртымызды біріктіретін ортақ құндылықтар көп. Тарихымыз бен тіліміз – тамырлас, дініміз – ортақ. Екі ел арасындағы бауырластық байланыстың өзіндік дәстүрі қалыптасқан. Бұл ретте Әлішер Науаидың алатын орны ерекше. Мұхтар Әуезов «Әлішер Науаи жалғыз өзбек әдебиетінің көлемінде қалған жоқ. Бертін келе Азиядағы, Шығыстағы көп елдің әдебиетіне әсер етті» деген. Біз ұлы ақынның мұрасын күллі түркі жұртының рухани қазынасы деп санаймыз.
Шавкат Мирзиёев, Өзбекстан Республикасының президенті:
– Өзбек пен қазақ — туысқан халық. Екі елдің тарихы, мәдениеті, салты мен дәстүрі — бір. Біз мұны қастер тұтамыз. Қазақтың көрнекті ақыны, марқұм Несіпбек Айтұлы 2020 жылы Әлішер Науаидың ең басты еңбегі «Хамсаны» қазақ тіліне аударып жарыққа шығарғанын ерекше ықыласпен айтқым келеді. Ал бұл шығарманың алғысөзін Қазақстан президентінің өзі жазғаны бізге зор қуаныш сыйлайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!