VI Консультативтік кездесуде президенттер бірқатар маңызды құжатқа қол қойды
Астанада Орталық Азия елдері үшін уақыт күттірмей шешілуі тиіс мәселелер талқыға түсті. Ақордада Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VI Консультативтік кездесуі өтті. Көтерілген, келісілген мәселе көп. Жиынға қатысқан бес мемлекеттің басшылары арадағы саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық қатынастар және аймақтағы қордаланған проблемаларды шешу жолдары жан-жақты пысықтады.
Автор: Мерей Қалиасқар
09.08.2024
2018 жылдан бері өткізіліп келе жатқан кездесулердің нәтижесінде аймақтық ынтымақтастық бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Бірлесе шешілген шаруа аз емес. Мәселен, шекара, өзен-көлдер суын пайдалану, миграция жайы реттеліп, өзара саудадағы кедергілер жойылған.
Сондай-ақ тұтас бір аймақтың тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне бағытталған кешенді шаралар қабылдануда. Жиынға төрағалық еткен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев консультативтік кездесулер сайып келгенде түрлі сын-қатерлерге төтеп бере алатын тиімді алаңға айналғанын баса айтты. Сондықтан қазіргідей күрделі геосаяси және экономикалық жағдайда аймақтағы ынтымақтастықтың жоғары даму қарқынын сақтау әсте өте маңызды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
— Діни экстремизм, есірткінің заңсыз айналымы, трансұлттық қылмыс, түрлі радикалды идеологияны насихаттау және ксенофобияны қоздыру сияқты қауіп-қатерлер өңіріміз үшін әлі де өзекті. Ақпараттық және биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және киберқылмыспен күрес те ерекше назар аударуды қажет етеді.
Аймақтағы қауіпсіздікке өзбек басшысы да алаңдаулы. Шавкат Мирзиеевтің айтуынша, Украина мен Таяу Шығыста болып жатқан қақтығыстар аймақтың тұрақты дамуына тікелей әсер етуде. Логистикалық шығын өсіп, инфляциялық қысым күшейген. Сондықтан Өзбекстан президенті Орталық Азия елдерін аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған арнайы тұжырымдама әзірлеуге шақырды. Бұл ретте Тоқаев Орталық Азияны қауіпсіз, ынтымағы жарасқан әрі өркендеген кеңістік ретінде сақтау қажеттігін айтты. Келесі маңызды міндеттердің бірі — өңірдегі тауар айналымын арттырып, сауда көлемін біртіндеп ұлғайту. Қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 11 миллиард долларға жеткен. Ендігі таңда оны 15 миллиард долларға көбейту мақсаты тұр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
— Елдеріміздің экономикасын дамытуға бірлескен ірі инфрақұрылым және көлік жобалары тың серпін берер еді. Өзара тиімді ынтымақтастықтың мұндай оң мысалдары аймағымызда қазірдің өзінде де бар. Мәселен, Қырғызстандағы «Қамбар ата» 1-ГЭС-ін, Тәжікстандағы «Рогун» ГЭС-ін, Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстанның газ жобаларын, жаңа көлік дәліздерінің құрылысын, сондай-ақ басқа да маңызды жобаларды атауға болады.
Ал Қырғызстан президенті Орталық Азия елдері арқылы жаңа мультимодальды бағыттар мен көлік дәліздерін құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынып отыр. Садыр Жапаров өткен бес кездесу аймақ елдері басшыларының сауда-экономика, инвестиция, көлік, логистика сынды басым бағыттарды одан әрі нығайтуға тың серпін бергенін атап өтті. Аймақтың көлік-транзит әлеуетін одан әрі ілгерілету жиынға қатысушы елдердің қай-қайсысына да пайдалы екені анық. Сондықтан көлік жүйесін дамыту жөніндегі кешенді шара қабылдаудың мәні зор. Күн тәртібіндегі шұғыл шешілуі тиіс мәселенің бірі – су-энергетика ресурстарын рационалды пайдалану. Яғни онсыз да тапшы суды бірігіп тиімді қолдану бәріне қажет. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев суды пайдаланудың тең құқылы әрі әділ тәртібіне, өзара міндеттемені мүлтіксіз орындау ережесіне негізделген жаңа су саясатын қалыптастыру керек деп санайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
— Орталық Азия елдеріне арналған Су-энергетика консорциумын құру және гидроэнергетикалық нысандарды бірлесе салу бастамасы су шаруашылығындағы көпжақты ынтымақтастыққа негіз болады. Суды бөлу мен есепке алуды цифрландыру, ғарыш мониторингі технологияларын енгізу, жүйелі ғылыми жұмыс жүргізу маңызды міндеттердің санатына жатады.
Жиын соңында мемлекет басшысы Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевке Консультативтік кездесудің келесі төрағалық міндетін табысты атқаруына тілектестік білдіріп, мәртебелі мейманды «Құрмет» белгісімен марапаттады.
Қорытындылай келе, Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VI Консультативтік кездесуінің қорытындысы бойынша президенттер бірқатар маңызды құжатқа қол қойды. Ең негізгілерінің бірі — «Орталық Азия – 2040» аймақтық кооперацияны дамыту тұжырымдамасы. Аймақтық ынтымақтастықты дамыту бойынша 2025-2027 жылдарға арналған Жол картасы да бекітіледі. Аталған құжат үкіметтердің үйлесімді жұмысын жетілдіріп, осы алаңда ұсынылған бастамалардың орындалуын бақылауды күшейте түседі деп күтілуде.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!