Қоғамда электрсамокатқа қарсы қол жинап жатыр. Қос тараптың пікірі
Қоғамда электрсамокатқа қарсы қол жинап жатыр. Яғни электрсамокатты көшеде емін-еркін жалға беруге тыйым салуды талап етіп петиция жариялаған. Бастамашы топ жаяу жүргіншілер жолағында көлік құралының осы бір түрімен жүйткіп жүргендерге наразы. Ал кәсіпкерлер мұндай шектеуге үзілді-кесілді қарсы. «Белден басып тыйым салатындай еш негіз жоқ» деп санайды олар. Ал самокат теуіп жүргендер мен жаяу жүргіншілердің өзі не дейді?
Автор: Шапағат Мырзабекова
13.08.2024
Қазір самокат қалада сағатына 40 шақырымға дейін жылдамдықпен жүреді. Арасында ережені елемей жүйткитіндері де көп. Сондықтан жұрттың мұндай қос дөңгелекті көлік түріне шағымдануына себеп бар. Көшелерде де самокаттарға арналған арнайы жолдың жоқтығы жаяу жүргіншілерге кесірін тигізіп жатыр.
Петиция авторының сөзінше, қос дөңгелекті көлікті көбіне қолы рөлге әрең жететін жеткіншектер қолданады. Оған қоса, бір самокатқа екі немесе үш адам мініп алғандар да көшеде жиі кездеседі. Кейбірінің тіпті көлік құралын арнайы тұраққа емес, көрінген жерге қойып кететіні де бар. Осының бәрі жаяу жүргіншілердің ашуын туғызған.
— Ұнамайды! Жазып жатырмыз. Бірақ еш шара қолданылмайды. Міне, жүрістері, ұшып келеді.
— Ереже сақтаса, мейлі, жүре берсін. Жол жүру ережесін сақтаса болды.
— Апат болып жатыр, қаншама балалар өліп жатыр, өз басым қарсымын.
Сол себепті электрсамокатты жалға беруге тыйым салуды талап етіп арнайы порталда қол жинап жатыр. Ал көлік құралының осы түрімен табыс тауып отырған кәсіпкерлер «бұдан еш нәрсе өзгермейді» дейді. Себебі, жалға беруге тыйым салынса, бәрібір самокат сатып алуға көшетініне сенімді.
Серік Қанапиянов, электрсамокат жалдау компаниясының директоры:
— Сатып алған самокатты қадағалау әлдеқайда қиын. Жалға беру компанияларының артықшылығы – қозғалыс жылдамдығын техникалық шектей алады. Бірінші құқықбұзушылықта біз қолданушыларға айыппұл саламыз, егер қайталанса, бұғаттаймыз. Біздің жүйе электрсамокаттың істен шыққанын, я болмаса басқа да ақпаратты бірден хабарлайды. Біз әр жағдайды тіркеп отырамыз. Егер қолданушы самокатқа дұрыс тұра алмаса, немесе одан құласа, мұндай оқиғаға біз жауап береміз.
Бұл ретте сарапшылардың пікірі екіге бөлінді. Бірі — бастамашы топтың шағымын құптаса, енді бірі — самокат қолданушылар қаладағы кептелісті азайтуға ықпалын тигізеді дейді.
Алексей Алексеев, автосарапшы:
— Бізде арнайы заң жоқ, тек жол ережесі ғана бар. Әрине, жаяу жүргіншілер шағымданады. Өйткені адамдар тротуармен емін-еркін жүруден қалған. Самокатта арнайы лицензия тұрмақ, мемлекеттік нөмірі де жоқ. Жолдың әр жерінде тұрған самокаттарды жалға беруші компания қызметкерлері ретке келтіріп отыруға міндетті.
Арсен Шакуов, автосарапшы:
— Электрсамокат адамдарға өте ыңғайлы көлік құралы. Алматыдай үлкен қалада экологиялық таза көлік санын көбейтуіміз қажет. Қолданушылар самокатты дұрыс пайдаланып, жол жүру ережесін білсе болғаны.
Жалпы жыл басынан бері мегаполисте электрсамокаттың қатысуымен 47 жол апаты тіркеліп, 50-ден астам адам жарақат алған. Қазір петицияға 200-дей ғана қол жиналды. Оның белсенді мәртебесі келер жылдың 1 ақпанына дейін өзекті болмақ. Айта кетейік, петиция қаралуы үшін кемі 50 мың адамның қолы қажет.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!