Мұнайлыда қаңғыған иттер 40 асыл тұқымды ешкіні жарып кеткен
Ақтауда қаңғыған иттер қорадағы қой-ешкіге ауыз сала бастады. Мұнайлы ауданында бұралқы иттер шаруа қожалығында 40 асыл тұқымды ешкіні жарып кеткен. Айдың-күннің аманында ағадал малынан айырылған шаруа кімнен көмек сұрарын білмей жыларман халде отыр.
Автор: Сәбит Әлдебай
13.08.2024
— Нүрпейісова Құмар апамыздың ешкілері. Бес ит бәрін қырып кеткен. 10-12 бас. Үш басын сойып алдық, адалдап.
Қамар Нүрпейісова бес жыл бұрын жеңілдетілген несие алып, 15 сүтті ешкі сатып алған. Бір жылқының құнына тең асыл тұқымды ешкілердің әрқайсысы бес литрге дейін сүт береді. Күніне 50 литр сүт сатып кәсібін дөңгелетіп отырған жан бір күнде отбасы кәсібінен айырылдым дейді.
Құмар Нұрпейісова:
— Қарасам, ешкілерім жайрап жатыр. Шыға сала, көлікке мініп алып итті қудық. Төрт ит — бір овчарка, қара төбет, екі сарғыш ит. Ақшалай есептегенде, арзан бағамен бердім дегеннің өзінде, шамамен 10 миллионға жетіп қалады. Бұл ешкілерді «Нұр капитал» бағдарламасымен, 15 ешкіні 400 мыңнан 6,4 миллион теңгеге алдырғанмын. Жеті ай төлейтін уақытым қалған.
Қаңғыған иттер ешкілердің бірін де жемей, тек тамақтап кеткен. Енді кәсіпкер аман қалған бірнеше бас ешкіні емдеп алудың амалын жасап жатыр. Ал оқиға орнына келген әкімдік өкілдері мен ветеринар мамандар өлген малдың есебін алып, толтырылған хаттаманы тиісті мекемелерге жолдаған. Мамандар қырылған мал өтемақы төлеуге жатпайды дейді. Шығынға ұшыраған кәсіпкерге тағы да жеңілдетілген несие беруден басқа амал жоқ деп отыр.
Бекболат Қабатбаев, Мұнайлы ауданы әкімдігі, Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары:
— Кәсіпкерді қолдау мақсатында облысымызда «Бір ауыл — бір өнім» бағдарламасымен берілетін 5 млн грантқа қатысуға ықпал жасап жатырмыз. Қаңғыған иттерді аулау аптасына екі рет, сол шаруашылық төңірегінде аулау, кастрациялау бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
Каспий теңізін жағалай оналасқан Батыр ауылы маңында 14 ірі шаруашылық бар. Олар жыл басынан бері қораны торып жүрген қаңғыған иттерді айтып, бірнеше мәрте мамандарға шағымданыпты. Ветеринарлар бұралқы иттерді аулау үшін жұмыс тобы құрылып, 201 ит ауланғаннын айтып отыр. Бұл оқиғадан кейін қаңғыған иттерді жаппай аулау басталды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!