{metadescription}
Үркер тұрғындары бір апта бұрын жауған бұршақтың зардабымен әлі арпалысып жатыр
Үркер тұрғындары бір апта бұрын жауған бұршақтың зардабымен әлі арпалысып жатыр

Үркер тұрғындары бір апта бұрын жауған бұршақтың зардабымен әлі арпалысып жатыр

Астана іргесінде «әскери қалашық» аталып кеткен Үркер ықшамауданының тұрғындары күн ара жауған жауыннан қорқатын болған. Өткен аптада төпелеген бұршақтың астында қалғалы, шұрық-тесік болған шатырдан су сорғалап тұр. Қос қабатты зәулім үйлері сыз тартып, әбден берекеміз қашты деген жұрт, табиғи құбылыстан болған шығынды енді мемлекет өтеп берсін деп отыр. Құзырлы орындарға шағым да жазған. Бірақ әзірге жауап жоқ.

Бір апта бұрын жауған бұршақтың зардабымен елорда іргесіндегі Үркер шағын ауданының тұрғындары әлі арпалысып жатыр. Мұнда 200-ден аса үйдің шатыры бүлінген. Оны қайта қалпына келтіру үшін қыруар қаражат қажет.

Бұл зәулім коттедждер осыдан 13 жыл бұрын Қорғаныс министрлігінің әскерилерге берген қызметтік баспанасы. 300-ге жуық үйдің 250-ін тұрғындар жекешелендіріп алған. Өткен аптадағы бұрын-соңды болмаған жаңбыр соңы бұршаққа ұласып, әп-сәтте жұрттың есін шығарса керек. Тауықтың жұмыртқасындай бұршақ төпелей соққанда терезе, шатырлары шұрық‑тесік болған.

Құралай Бадығұлова:

Түні бойы шатыр жамап, қолда болған нәрсемен жабыстырып, астына ыдыс қойып қойдық. Сонда да төбеден су ағып жатыр.

Содан бері Үркерден  тыныштық кеткен. Жаңбыр суы төбеден сорғалап, үйлері сыз тартыпты. Осы кезде жағдайымызды келіп көрген әкімдіктен бір адам болмады деп жұрттың өкпесі қара қазандай.

Бақберген Жүнісов:

Апат аяқ астынан келді. Халық жүгіріп, бәрі жылап жүр, шынына келгенде. Ақша жоқ. Келіп, төбе жауып береміз дегендер әкесінің құнын сұрайды. Әкесінің басына отыр ма, әкімдік, төтенше жағдайлар, мысалы?! Е, келмей ме, осындай жағдайда!

Шатыр ауыстыруға екі миллион теңгедей қажет. Жұрт соны жергілікті билік өтесін деп отыр. Ал әкімдіктегілер басқа пікірде. Жеке мүлік бүлінген жағдайда қожайынның өзі жөндеуге тиіс.

Әйгерім Ақшолақова, Нұра ауданы әкімінің баспасөз хатшысы:

— «Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР заңының талаптарына сәйкес, кондоминимум иелері ортақ мүлікті ұстауға арналған шығыстарға қатысуға міндетті. Бүгінде тұрғындардың бір бөлігі өздерінің жеке үйлерінің шатырын қалпына келтіруге кірісті.

Табиғи сипаттағы төтенше жағдайға жатқызу үшін бұршақтың үлкендігі 20 мм болып, адамдар зардап шегіп немесе қаза тапқан жағдай тіркелуі керек екен. Шығын да сол кезде өтеледі. Ал бұл жолы әйтеуір адамдар аман. Сондықтан шатырсыз қалғандарға енді төбесін өздері қымтап алуға тура келеді.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.