{metadescription}
Пәтер жалдауда алаяққа алданба. Сарапшылар пікірі
Пәтер жалдауда алаяққа алданба. Сарапшылар пікірі

Пәтер жалдауда алаяққа алданба. Сарапшылар пікірі

Астанада жоқ пәтерді жалға берумен айналысқан 21 жастағы тұрғын ұсталды. Ол кемі 18 адамды алдаған. Жаңа оқу жылы қарсаңында студенттердің жаппай мегаполистерге ағылатынын ескерсек, мұндай келеңсіз оқиғалардың қайталануы бек мүмкін. Ендеше алаяқтарға алданбау үшін әрі сенімді баспананы таңдау үшін не істеу керек? Саладағы білікті сарапшылар не дейді?

Пәтерді жалға беруші атын жамылған астаналық жас жігіт бұл істі кәсібіне айналдырған. Интернет-алаяқ үйлерді тартымды бағамен жарнамалап, сұраныстың жоғары екенін түсіндіріп, бірден брондау үшін алдын ала төлем жасауды талап еткен. Ақшаны алу үшін түрлі банк картасын қолданған. Арам ойы іске асқанда жәбірленушілерді ақшасыз, үйсіз қалдырып, ізім-ғайым жоқ болған. Жаңа оқу маусымы қарсаңында пәтер жағалаған жастардың қатары артатыны белгілі. Сондықтан полицейлер сақ болуды ескертеді.

Олжас Майтқанов, Астана ПД киберқылмыспен күрес басқармасының бөлім бастығы:

Мұндай жағдайда нақты сатушының немесе қызмет көрсететін тұлғаның шынайылығын тексеру қажет. Яғни оның шынымен де ақша аударылатын картаның иесі екеніне көз жеткізу керек.

Риелторлар да студенттердің үлкен қалалаларда интернет-алаяқтардың құрығына түсу қаупі жоғары екенін айтады. Себебі олар танымал платформада төмен бағамен пәтердің әдемі фотосуреттерін жариялап, жұртты қызықтырып қояды. Мұндай жалған хабарландырулар әсіресе күзге қарай одан сайын көбейе түседі.

Ерлан Сүндетбаев, Тәуелсіз риелторлар қоғамдастығының негізін қалаушысы:

Былтыр шілде-тамыз айларында жалға беру нарығының белсенділігі жетпіс пайызға өсті. Бұған студенттердің тікелей қатысы бар. Егер пәтерлер оқу орындарына жақын орналасса, онда баға да көтеріледі. Көбіне бір және екі бөлмелі үйлер сұраныста. Жалпы құны орналасқан жеріне, тұрғын үйдің санатына, пәтердің жағдайына және жиһаздарына байланысты болады. Шамамен 140-тан 200 мың теңгеге дейін.

Жылда қайталанатын дүрбелеңде уақытында қолайлы баспана табу қиынның қиыны. Себебі студенттер бірде алаяқтарға тап болып жатса, енді бірде пәтер иелерімен келісе алмай әуреге түседі.

Гүлнұр Әбеуова, студент:

Пәтерге қатысты біраз қиындық болды. Басқа қаладан келгендіктен, Астананың жайлы аудандары мен жақсы үйлерін білмедім. Енді  ойдағыдай пәтер тауып, ертеңінде соған кірейік дегенде, пәтер иесі телефонын көтермей қойды. Әйтеуір алдын ала төлем жасамағаным жақсы болды.

Елімізде жалға берілетін тұрғын үйлердің тізімінде Астана екінші орында. Ал Алматы көш басында. Өйткені, оңтүстік астанада оқу орындары көп. Сәйкесінше, студент саны да бірнеше есеге артық. Мұнда қазір пәтердің шаршы метрі 5000 теңгеден жоғары.

Қазір елордадағы пәтердің шаршы метрінің орташа бағасы төрт жарым мың теңгені құрайды. Мәселен сол жағалаудағы екі бөлмелі үйге болашақ тұрғындар айына 250 мың теңге төлеп жалға ала алады. Дегенмен алаяқтардың тұзағына түсіп қалмау үшін риелторлар иесімен бетпе-бет кездесіп, пәтердің жағдайын жіті тексеруге кеңес береді.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде