Ақтөбеде бау-бақша ұжымы тасқынның себебін айтып, көмек сұрайды
Ақтөбеде бірнеше бау-бақша ұжымының тұрғындары жылда қайталанатын тасқыннан қорғауды талап етіп отыр. Ол үшін қала іргесіндегі Жіңішке өзенінің арнасын тазартып беруді сұрайды. Қамыс өсіп, балдыр басқан өзен арнасы көктемде судың ағысына кедергі келтіреді екен. Соның кесірінен үйіміз жылда қызыл судың астында қалады дейді тұрғындар. Саяжай деген аты болмаса, мұнда халық қысы-жазы тұрады.
Автор: Жаңалық Ахаш
16.08.2024
Арнасы да жіңішке, аты да Жіңішке өзеннің соңғы жылдары тұрғындарға келтіріп отырған кесепаты көп. Көктем шыға арнасынан суы тасып, жағасындағы саяжайларды түгел басады. Енді тұрғындар тасқыннан қорғану үшін табанын тазартып, жағасын кеңейтіп, арнасындағы қамыс пен қоқыс қалдықтарын жинаса дейді.
Ғалымжан Нұрмағамбетов:
— Ең бірінші бұрыыс болғаннан кейін бүкіл құмы, лайы Жіңішке бұрылысына жиналып қалады. Су жүрмей, кейін мұзы бар, қамысы бар, неше жылдан бері тазартылмаған. Тал өсіп кеткен, соған барып тіреліп, мына жақтың бәрі тоқтайды. Содан су тасиды, суға кетеді.
Болатбек Дошаев:
— Жіңішке өзенін жайлап көтеріп берсе, сонымен қатар тазартып, жан-жағын аршып, орнын кеңейтіп берсе болды. Әкімдіктен басқа түк те керек емес. Осы бір үлкен проблема.
Шенеуніктер арнасы бітелген «Жіңішкенің жайынан хабардармыз» деп отыр. Тазарту жұмыстарын қолға алсақ, көбіне эко-белсенділер қарсы шығып, кедергі келтіреді дейді. Әйтсе де Жіңішке өзенін тазартамыз деп уәде берді.
Талғат Наурызов, Ақтөбе ТҮКШ бөлімінің маманы:
— Қазір жұмыс жүргізілуде. Мемлекеттік сатып алу конкурсы ұйымдастырылып жатыр. Соның ішінде үйінділер үю жұмысы, қашықтығы 900 метр. Жеңіс көпірінен Рысқұлов көпіріне дейін, Сосын Рысқұловтан теміржолға дейін ішіндегі ағаштар да алынады.
Тендер ұтқан мердігер анықталса, жұмыс екі аптадан соң басталады деп отыр. Бюджеттен оған 34 миллион теңге қарастырылыпты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!