Ата-анасы қалың ұйқыда жатқанда ажал құшқан
Ата-анасы қалың ұйқыда жатқанда ажал құшқан. Алматыда үш жастағы қыз бала көпқабатты үйдің терезінен құлап кетті. Қайғылы оқиға таңғы уақытта үйдегілер шырт ұйқыда жатқанда болған. Бұл — тұрғын үй кешенінде тіркелген екінші қайғылы жағдай. Полиция бала өлімі бойынша тергеуді бастады.
Автор: Әсем Лесбек
19.08.2024
Қайғылы жағдай таңғы сағат алты шамасында «Ақкент» тұрғын үй кешенінде болған. Куәгерлердің айтуынша, үш жастағы бүлдіршін ата-анасы ұйықтап жатқанда көпқабатты үйдің жетінші қабатынан құлап кеткен. Қатты жарақат алған бала жедел жәрдем жеткенше көз жұмған.
Жан дауысы шыққан анасының айқайынан тұрғындар да далаға жүігіріп шыққан. Бірі — полицияға, бірі жедел-жәрдемге хабарласып, қолдан келгенше көмек көрсетіпті.
Жібек Әділхан, көршісі:
— Ұйықтап жатқанмын. Күйеуім қатты дауыстан атып тұрды. Біз №60 үйде тұрамыз. Сол жерге келдім, анасы жылап отыр екен. Баланың бетін жауып қойған.Бәріміз шырт ояндық қой. Жедел жәрдем жеті-ақ минутта келді. Бірақ ажалы енді осыдан болып тұр ғой ...
Тұрғындар соңғы уақытта мұндай қайғылы оқиғаның жиілеп кеткенін айтады. Өткен айда ғана төрт жастағы тағы бір бүлдіршін үйдің 14-ші қабатынан құлап кетіпті. Сондықтан жұрт үлкендер жағы «қорғаныш темірін орнатуды құнттаса» дейді.
Айгүл Шаймұқанова, көршісі:
— «Ақкентте» бір-екі айдың ішіндегі бұл осындай екінші оқиға. Бірінші жағдайдан кейін бірден темір тор қою керек қой. Жалпы көпқабатты үйде кішкентай баласы бар адамның тұруына кеңес бермеймін. Үйге көшіп кірмей жатып темір тор орнатуы керек.
Полиция да іске кіріскен. Қайғылы жайттың сабеп-салдарын арнайы тергеу тобы анықтап жатыр.
Салтанат Әзірбек, Алматы ПД ресми өкілі:
— Алатау ауданы полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Қайғылы оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
Мұндай оқиғаларды болдырмау үшін ата-аналар баласын қараусыз қалдырмауы, қауіпсіздікке баса мән беруі қажет. Бүгінгі қайғылы жағдайдан шошынып қалған тұрғындардың да кішкентай бала-шағасы бар көршілерінен сұрап отырғаны осы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!