Жамбыл облысында жол апатынан қаза болған қос полицейге «Айбын» ордені беріледі
Жамбыл облысында жантүршігерлік жол апатынан қаза болған қос полицейге «Айбын» ордені беріледі. Бұл туралы марқұмдарды жерлеу рәсіміне келген Ішкі істер министрлігінің өкілдері хабарлады. Қызмет бабында жүріп опат болған офицерлердің балаларына да көмек көрсетілмек. Ал алты адамның өмірін жалмаған жол апатынан аман қалған төрт адам дәрігерлердің бақылауында.
Автор: Сәбит Әлдебай
19.08.2024
Жамбылдық жұрт қызмет бабында жүріп көз жұмған Ғалым Арыстанбаев пен Абылайхан Әбішкенді ақтық сапарға шығарып салды. Жаназаға марқұмдардың ет жақындары мен ішкі істер министрлігінің өкілдері жиналған. Олар кенеттен көз жұмған әріптестерінің отбасына көңіл айтып, өнегелі ісін еске алды.
Ниетқабыл Әлібаев Полиция аға лейтенанты:
— Еңбегіне өте адал, 2020 жылдан бастап бір бұйрық бойынша өттік, осы Жамбыл облысының жол полициясына. Содан бері жұмыс істеп келе жатырмыз. Өте кеңпейіл, қамқоршыл, білгенін, ақылын айтып отыратын.
Марқұм болған Ғалым Арыстанбаевтың 11 баласы жетім қалды. 46 жастағы полиция капитаны сегіз баланы бірнеше жыл бұрын балалар үйінен асырап алып бауырына басқан. Енді қос полицейдің балаларына министрлік тарапынан қолдау көрсетілмек.
Арман Саданов, ҚР ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаментінің бастығы:
— Абылайхан мен Ғалымды «Айбын» орденіне ұсынуға тапсырма берілді. Балаларына бүкіл жағдай жасалады. Мектепте де, кәмелетке толғанша, толғаннан кейін де, ІІМ-інің жоғары білім оқу орындарына барамыз десе, оған да үлкен үлесімізді қосамыз.
Ал аман қалған Alfard жүргізушісі мен үш жолаушысы жарақаттарымен Меркі ауруханасына жеткізілген. Дәрігерлер қазір жүргізуші мен бір науқастың жағдайы ауыр екенін айтады.
Смағұл Дәулетов Меркі ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:
— Травматология бөліміне жатқызылған бір науқасқа от жасалды. Қазіргі жағдайы қалыпты, емделіп жатыр. Жансақтау бөліміне жатқызылған науқасқа екі ота жасалды. Қазір сол аяғына ота жасау жоспарлануда.
Оқыс оқиға Меркі - Шу - Бурылбайтал республикалық автожолының 40-шақырымында болған. Сұмдық жол апатынан алты адам қаза тапты. Қазір аталмыш іс бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!