Мұнайшылар ауылының көпқабатты үйлері құлайын деп тұр
Ақтөбе облысындағы мұнайшылар ауылының көпқабатты үйлері құлайын деп тұр. Кеңқияқ елді мекені тұрғындары тозығы жеткен ғимарат опырылып қалып, үйінді астында қаламыз ба деп қорқады. Жергілікті билік былтыр апатты үйлерді «жөндеп береміз» деп уәде берген екен. Бірақ бәрі сөз күйінде қалыпты.
Автор: Жаңалық Ахаш
19.08.2024
Гүлдана Дүйсенбайқызы:
— Қытай инвесторларымен бірге отырып берген уәдесі бар еді. Үйлерді абаттандыруға, төбесі мен сыртқы фасадын жаңартып беру көзделеді деген. Сол уақыттан бері бір жылдан астам уақыт өтті. Үйлеріміздің жағдайы жылдап емес, уже ай санап құлап жатыр. Төбемізден су кеткені былай тұрсын, жар ұнтақталып, кәдімгідей басымызға тас түсетіндей жағдайда тұрмыз.
«Мұнайдың дәл үстінде отырсақ та, мұңымыз бітпеді» деп ашынады Кеңқияқ тұрғындары. Бұл ауылда кезінде мұнайшыларға арналып салынған 38 көп қабатты үй бар. Оның 11-іне шұғыл жөндеу керек. Қабырғалары қақырап, кірпіштері сөгіліп жатыр. Тесілген төбеден жаңбыр жауса сорғалап су ағып тұрады. Өз күштерімен қанша жамаса да бүтінделетін түрі жоқ. Былтыр облыс әкімдігі қытай инвесторларымен бірлесіп бәрін күрделі жөндеуден өткіземіз деген. Тіпті қос қабатты үш үй қайта жаңғыртылыпты. Ал, қалған сегіз ғимарат сол күйі қалған. Ауыл әкімі мұнай компанияларымен келісім барын растады. Енді күз келгенде жөндеуге кіріседі деп уәде беріп отыр.
Қуанышбек Серікжанов, Кеңқияқ ауыл округінің әкімі:
— Биыл осы акционерлік қоғам өкілдері тағы да үйлерді бастаймыз деп отыр. Қазіргі кезде жоба-смета құжаттамалары жасалып жатыр. Қыркүйектің басында жөндеу басталуы керек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!