ШҚО: Мал ұрлаумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды
Шығыс Қазақстан облысында мал ұрлаумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды. Саяқ қалған жылқы көрсе, қас-пен көздің арасында қыр асырып жіберетін әккі ұрылар тұрғындарға 47 миллион теңге көлемінде залал келтірген. Қолға түскен барымташылардан бірнеше қарудың түрі мен 60-тан астам оқ-дәрі тәркіленген.
Автор: Мерген Тоқсанбай
19.08.2024
Мал ұрлауды кәсіп қылған ұрылар еліміздің шығысынан оңтүстік өңірлерге 70 бас жылқы айдап үлгеріпті. Төрт адамнан құралған қылмыстық топ иен далада иесіз жайылған немесе, үйірінен бөлініп қалған Қамбар ата түлігін заңсыз құрықтап, оны сатумен айналысқан. Бұл жолы да жүк көліктеріне жылқы тиеп алып оңтүстікке жөнелтпекші болған ұрылар дәл қылмыс үстінде ұсталды. Ал тәркіленген түлік иелеріне қайтарылған.
Дәулет Нұрманбеков, ШҚО ПД бөлім бастығы:
— Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің қызметкерлері мал ұрлығымен айналысып жүрген бір топты ұстады. Қылмыстық топ қараусыз жүрген малды ұрлап, оны еліміздің оңтүстік өңірлеріне сатқан. Топ мүшелері сот санкциясымен қамауға алынды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!