Алматылықтар ауладағы көлік жөндейтін орталықтарға қарсы шықты
Алматылық тұрғындар көп қабатты үйлердің ауласында орналасқан көлік жөндейтін орталықтардың жұмысына қарсы. Себебі: келіп-кететін автомобиль санында есеп жоқ. Соның кесірінен тұрғындар көлігін көшеде қалдыруға мәжбүр. Тіпті бензинің иісінен «есік-терезені аша алмай қалдық» деп отыр. Бәрінен бұрын ата-аналар балалардың қауіпсіздігіне алаңдайды.
Автор: Ақтоты Жұмабек
19.08.2024
Көлік жөндейтін бұл орталық шаһардағы көпқабатты үйлердің қақ ортасында орналасқан. Орталықтың ашылғанына 30 жылдан асыпты. Аулада ине шаншар жер жоқ. Ұрылып-соғылған машинадан көз ашпайсың. Тұрғындар бұл техниканың бәрі жұмысы қыз-қыз қайнап жатқан көлік жөндейтін орталыққа тиесілі дейді.
Татьяна Ромащенко:
— Мен мұнда 17 жылдан бері тұрамын. Бұл үйге көшкеннен бері бұл жағдай өзгерген жоқ. Қанша жылдан бері осымен күресіп келеміз: ештеңе өзгермейді. Керісінше, жөндеуге келетін көлік саны артып жатыр. Қосалқы бөлшектер сататын дүкендер де көбейіп келеді.
Жыл мезгіліне сәйкес дөңгелек ауыстыратын уақытта орталықтың жұмысы тіпті қызады. Ал жөндеу орталығының тура жанында мектеп орналасқан. «Балаларымызды осы көліктердің бірі қағып кете ме деп қорқамыз», - дейді тұрғындар.
Елена Давыдова:
— Мұнда күндіз-түні машина жөндейді.Оған қоса көліктің құрал-саймандарын сатады. Біздің кішкентай балаларыз аулаға да шыға алмай қалды. Мұнда машинасы барлар аулаға кіріп көлігін жөндейді. Біздің ауланың бар жері ашық. Сондықтан бір шара қолданса екен. Балаларымыздың қауіпсіздігі үшін қорқамыз.
Саламат Иляхунова:
— Мұнда №52 мектеп орналасқан. 1500-ге жуық бала білім алады. Мектеп көшесінің барлығы май, бензин болып жатады. Тоғыз ай бойы балаларымыз осы мектепте оқиды. Олар осы майдың иісі тараған ауаны жұтады. Бұған қарамай, күндіз-түні мұнда машиналар, осында қойылады, жөндеу жүргізіледі. Полиция шақырамыз. Алайда одан еш пайда жоқ.
Ал үйге жапсарлас орналасқан көлік құралдарын сататын дүкен сатушысы бұл жерді жалға алып отыр екен. «Қызметіміз — заңды» деп, ол өзіне шаң жуытпады.
Асқар:
— Біз бұл жерді жалға алып отырмыз. Бұрын көлік жөндеу орталығы болған. Тұрғындар шағымданған соң, жауып тастады. Қазір оның орнына дүкен ашылды. Бұл жерде машинаға керекті құрал-жабдық сатамыз. Дөңгелек, резеңке, шам сияқты. Машина жөндеумен айналыспаймыз.
Әкімдіктің де жауабы осындай. Жазбаша жауап берген шенеуніктер көпқабатты үйдің ауласы осындай дүкендерге арналған дейді.
Алматы жер ресурстарын басқару басқармасы:
— Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрының мәліметтері бойынша жер учаскесі Р.И.Хуршудовқа ортақ үлестік меншік құқығымен тиесілі. Аумақтың нысаналы мақсаты – дүкенді пайдалану және ұстау.
Сондай-ақ шенеуніктер көліктен көз ашпаған ауланы жақында көгалдандырып, қалпына келтіреміз деді. Ал жұрт мәселе шешімін таппайынша, арыздана бермек. Олар көлік құралдарын сататын дүкендердің де, көлік жөндейтін орталықтардың да жұмысын біржолата тоқтатып, ауланы босатуды талап етіп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!