SMS кесірі. Алматы әуежайында рейстен кешіккендер жанжал шығарған
SMS-хабарламаның кесірі. Алматыда ұшаққа кешіккен жолаушылар айқайға басып, тіркеу бөлімін төңкеріп тастай жаздады. Сөйтсе, FlyArystan рейстің бір сағатқа кешігетіні туралы хабарлама жіберіп, ал ұшағы уақтылы ұшып кетіпті. Ал жолдан қалып ашуланған жолаушылар тіркеу бөліміндегі компьютерді қиратуға дейін барған.
Автор: Шапағат Мырзабекова
20.08.2024
Ғалым Иманғалиев, Алматы әуежайындағы ЖПБ бастығының міндетін атқарушы:
— Тексерген кезде 31 жастағы әйел және 55 жастағы ер азамат өзін дөрекі ұстап, әуекомпания қызметкерлерін балағаттап, тіркеу үстеліндегі мониторды сындырып, осылайша қоғамдық тәртіпті бұзғаны анықталды. Аталған азаматтарға қатысты көлік полицейлері шара қабылдады, яғни ұсақ бұзақылық және бөтеннің мүлкіне қасақана жою немесе бүлдіру бойынша әкімшілік іс қозғады. Жиналған материал сотқа жолданады.
Рейс Алматыдан Астанаға ұшуы тиіс болған. SMS-тің кесірінен бірнеше жолаушы діттеген жеріне уақытылы жете алмай, ұрыс шығарғаны тіпті жазаланып тынған. Ал FlyArystan компаниясы ұшу уақытының кешігуін қысқа мерзімді техникалық ақаумен байланыстырды. Кейін рейстен қалған жолаушыларды келесі ұшақтармен Астанаға жеткізген. Өтемақы ретінде рейске кешіккен жолаушыларға 50 мың теңгелік ваучер де ұсыныпты. Сонымен бар міндеттен құтылдық дегендей.
Талант Хасенов, FlyArystan әуе компаниясының менеджері
— Осы рейстен қалып қойған жолаушылар билетін алдағы сапарына ауыстыруға немесе ақшаны толық қайтаруға құқылы. Әуе компаниясы өтемақы ретінде барлық жолаушыға 50 мың теңгенің әуе билетіне жолдама берді. Байланыс орталығының агенттері жолдан қалған жолаушылармен байланысқа шықты. Арадағы жанжал шешілді. Олар келесі рейспен Астанаға аттанды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!