Костенко шахтасындағы апатта қаза болған кеншілерге ескерткіш қойылды
Қарағандыдағы Костенко шахтасындағы апатта қаза болған кеншілерге ескерткіш қойылды. Марқұм болған 46 кеншінің есімі жазылған тас мүсін дәл апат болған жерге орнатылған.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
20.08.2024
Опат болған кеншілерді бір минут еске алған соң, ескерткішке гүл шоқтары қойылды. Марқұмдардың жақындары көз жасына ерік беріп, ер азаматтарын жоқтады. Өзіндік ерекшелігі бар тас мүсінді жасап орнатуға екі ай уақыт кеткен. Оның маңы абаттандырылып, айналасына 46 қайың отырғызылыпты. Ондағысы опат болғандарды ұмыттырмай, жайқалып тұрсын деген ой екен.
Осы кеншілерге арналған тағы бір ескерткіш қаладағы орталық саябақтан орны тепті. Онда бір кенші бейнеленіп, тас мүсінге қаза болғандардың есімдері қашалған. Бұл марқұмдардың жақындары жасаған өтініш. Әйтпесе апат болған жырақтағы шахтаға барып-келуге жүрегі дауаламайды дейді.
Естеріңізге салайық, былтыр қазанның 28-не қараған түні Костенко шахтасында метан газы жарылған. Сол апаттан 46 кенші опат болды.
Игорь Баграмов, мүсінші:
— Ескерткіштің өзі шахта, онда кеншілердің жер астына түсіп бара жатқан сәті бейнеленді. Ал артында із сияқты болып есімдері жазылып қалды. Демек олар лаваға түсті, бірақ шыққан жоқ дегенді меңзейді. Осындай трагедия енді қайталанбаса деген ойды, өз жұмысымыз арқылы жеткізгіміз келді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!