Әнші Алтынбек Тәшімбетов ауруханада мас күйде ойран салған
Тағы бір өнер жұлдызының басы дауға қалды. Бұл жолы әнші Алтынбек Тәшімбетов ауруханада мас күйде ойран салғаны үшін істі болып отыр. Ол қаладағы ауруханалардың біріне таңғы уақытта ерні жарақаттанып түскен. Ол дәрігерлердің алғашқы медициналық көмекті дереу көрсетпегеніне ашуланып, мекеменің әйнегін сындырған. Дәрігерлерді де дымын қоймай балағаттапты. Енді Тәшімбетов бұл бұзақылығы үшін темір тордан бір-ақ шығуы мүмкін.
Автор: Әсем Лесбек
21.08.2024
Бұзақылық жасаған өнер жұлдыздарының қатары тағы бір әншімен толықты. Бұл жолы Алтынбек Тәшімбетов полициядан бір-ақ шықты. Оқиға осыдан екі күн бұрын таңғы уақытта №12 орталық клиникалық ауруханада болған. Әнші отырыстардың бірінде күзетшімен ерегісіп, қанжоса күйінде ауруханаға келеді. Бірақ ем-дом дер кезінде жасалмады деп айқайға басқан.
Алтынбек Тәшімбетов, әнші:
— Ауруханаға барған кезде сырт киімім қан тоқтамай жатқаннан кейін, қан болмасын деп шешіндіріп, ішке кіргізді. Қызметті күтіп, сол жынданғаннан, сол қабылдау бөлімінде әйнекті, ол сынатын нәрсе емес, былай құлатып кетіп және де аузымнан боғауыз сөз шыққаны рас. Өйткені мен қатты жынданып тұрдым.
Әншінің дәрігерлерді боқтап жатқан видеосы әлеуметтік желіде тараған. Тәшімбетовтің өзі сол күні ащы суға тойып алғанын жасырмайды. Дәрігерлерден де кешірім сұраған. Бірақ онымен де құтылуы екіталай. Өйткені полиция іс қозғаған.
Салтанат Әзірбек, Алматы ПД ресми өкілі:
— Құқықбұзушыға қатысты ҚР әкімшілік кодексінің 440 және 80-баптары бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, іс материалдары шешім қабылдау үшін сотқа жөнелтіледі.
Сот әншіні кінәлі деп таныса, оған 100 мың теңгеден аса айыппұл салуы немесе кемі 10 тәулікке темір торға тоғытуы мүмкін.
Айта кетейік, мұндай бұзақылық әрекетімен танылып жатқан өнер жұлдыздарының бұл алғашқысы емес. Бұған дейін Тұрсынбек Қабатов та ұшақтағы жанжалы үшін қамауға алынған. Кейін әнші Қайрат Нұртас та 15 тәулікке темір торға тоғытылды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!