Көшпенділер ойыны: Көпбалалы аналар арқан тастысқа түседі
Арқан тартыстан әйелдер арасындағы ұлттық құрама бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қызу дайындалып жатыр. Ел намысын қорғайтын команда дүбірлі дода үшін жарты жыл бұрын ғана арнайы жасақталып, аз уақыт ішінде біраз белесті бағындырып үлгерді. Ендігі мақсат — байрақты бәсекеде ел қоржынына жүлде салу.
Автор: Мерей Қалиасқар
21.08.2024
Рауан Қайырбаев, Арқан тартыстан әйелдер құрамасының аға жаттықтырушысы:
— Қанымызда бар спорт түрі ғой. Енді өзіміздің жерде, өзіміздің арқамыз бар, арқанды да соған сай тартамыз деген мақсат. Дайындықтың жүйесі де сапалы. Арнайы дайындақтар өткізіліп жатыр. Командада 80 пайызы көпбалалы аналар, ауылдан келген. Қазақ қыздарымыз ғой, әр қайсысы батыр, күші де соған сай дамып, жылдам спортқа машықтанып алды.
Көнеден келе жатқан спорт түрі бұл жолы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының негізгі бағдарламасына енгізілген. Әлемнің 75 елінде ресми спорт ретінде тіркелген бағыт елімізде қайта жаңғырып, жыл басында Арқан тартыс федерациясы құрылды.
Бүгінге дейін елде 7 іріктеу мен ашық республикалық турнир ұйымдастырылып, жарыстарда үздік шыққаны ұлттық құрама сапына қабылданған. Көшпенділер ойындарына дайындық аясында қыз-келіншектерден құралған команда халықаралық жарыстарға да қатысып, жеңімпаздар қатарынан табылыпты.
Енді әлем назарын аударған додаға дейін Щучье қаласында шымырлық пен ептілікке үйреніп, тыңғылықты дайындалып, ел үмітін ақтауға бекініп отыр.
Мәдина Шыңғысбаева, Арқан тартыстан әйелдер құрамасының мүшесі:
— Жай қызығып, тіпті тартуды да білген жоқпыз, қара күшке сеніп келген болатынбыз. Орын ала бастағаннан кейін, бірінші орындарды алып жатқаннан кейін сенім пайда болып, әрі қарай болады екен ғой деп кірістік. Көшпенділер ойыны Қазақстанда өтіп жатқаннан кейін, Астанамызда өтіп жатқаннан кейін, әрине, еліміздің абыройын сақтап қалу, алдыңғы үштіктен көріну — мақсатымыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!