{metadescription}
Қазақстан - Тәжікстан экономикасына серпін беретін инвестициялық жобалар туралы айтылды
Қазақстан - Тәжікстан экономикасына серпін беретін инвестициялық жобалар туралы айтылды

Қазақстан - Тәжікстан экономикасына серпін беретін инвестициялық жобалар туралы айтылды

Сауда-саттық пен транзиттен бастап, мәдениетке дейін. Президенттің Тәжікстанға мемлекеттік сапары аясында бірнеше келісімге қол қойылады деп күтілуде. Қасым-Жомарт Тоқаевты әріптесі Эмомали Рахмон әуежайдан күтіп алды.

Мәртебелі мейманға қызыл кілем төселіп, қаз-қатар тізілген қонақжай тәжік жұрты Қазақстан президентін сән-салтанатпен қарсы алды. Бұдан кейін «Қасри Миллат» сарайындағы ресми шара кезінде қазақ мемлекеті басшысының құрметіне зеңбіректен 21 рет оқ атылды. Осы жолғы сапарда келісетін, алыс-берісті арттыратын мәселе көп. Сондықтан президенттер шағын құрамдағы келіссөзге кірісті. Сауда-саттық, транзит, энергетика, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтан бастап, цифрландыру, ауыл шаруашылығы мен су ресурстары салаларындағы ықпалдастық мәселелерін түгел талқылады. Қазақстан мен Тәжікстан экономикасын дамытуға тың серпін беретін инвестициялық жобаларды іске асырудың перспективалары да айтылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

Ең алдымен, ежелгі тәжік жеріне табаным тиген сәттен бастап, көрсеткен сый-құрметіңіз бен қонақжайлық көңіліңіз үшін шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы қарым-қатынас барлық бағытта қарқынды дамып келеді. Біз – сенімді одақтас елдерміз. Қазақстан тарапы Тәжікстанның қазақ халқына деген тілеулес ниетін жоғары бағалайды. Бірақ мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Біз алға қарай жылжуымыз керек. Бұл сапар – ынтымақтастығымызды дамытуға тың серпін беруді көздейді. Бүгін Одақтастық қатынастар туралы шартқа қол қойылады. Меніңше, бұл құжаттың тарихи маңызы зор. Осы орайда бірқатар өзекті мәселе бойынша мазмұнды пікір алмасамыз деп ойлаймын.

Эмомали Рахмон, Тәжікстан Республикасының президенті:

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Тәжікстанға қош келдіңіз! Елімізге мемлекеттік сапармен келгеніңізге қуаныштымыз. Бұл сапар екіжақты қарым-қатынасымызға тың серпін беретініне сенімдімін. Саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және қауіпсіздік салаларындағы ықпалдастығымыз қарқынды дамып келеді. Сізбен екі ел ынтымақтастығының қазіргі жай-күйі мен перспективасын, сондай-ақ халықаралық және аймақтық күн тәртібіндегі мәселелерді талқылауға әзірмін.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде