Бастығының көліктерін сатып жіберіп, кейін киллер жалдап өлтірмек болған
Киллер жалдап, өзін өлтірмек болған қылмыскердің кесірінен тақырға отырған. Астанада бастығының 18 көлігін сатып жіберіп, мұны жасыру үшін оның көзін жоюға тапсырыс берген жігіт сотталса да, жәбірленушінің мүлкі өзіне қайтарылмапты. Сотталушы машиналарды заңсыз жолмен арзан бағамен таныстарына сатқан. Кейін олар да үстіне ақша қосып, көліктер өзге адамдардың қолына өтіпті. Ал өлім ауызынан қалған кәсіпкер енді сот жағалауға мәжбүр.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
22.08.2024
Сергей Литвинцев Астанада көліктерді жалға берумен айналысады. Ол былтыр қазан айында бір өлімнен аман қалған. Сенімге кірген қол астындағы қызметкер киллер жалдап, оны өлтіруге тапсырыс береді. Қылмыскер осылайша жәбірленушіге тиесілі көліктерді заңсыз сатқанын жасырмақ болған. Ол автопарктегі 31 машинаның 18-ін өз таныстарына нарықтағыдан арзан бағаға ұсыныпты.
Сергей Литвинцев:
– Өзі бұйрық шығарып, менің атымнан сенімхат жасап алған. Сосын көліктерді өз атына аударып, өзге адамдарға сатады. Біз машинаны 6-7 миллион теңгеге алсақ, ол 3-4 миллион теңгеден саудалаған. Сөйтіп менің компанияма тиесілі көліктер бірнеше адамға сатылып кеткен.
Енді кәсіпкер сол мүлкін қайтара алмай әлекке түскен. Сотқа жүгінгенімен, онда машиналарды қазіргі иесіне қалдыру туралы шешім шығарылыпты. Ал кәсіпкер эконом-класc көліктерді сатып алу үшін қомақты несие алған. Тіпті үйін де кепілге қойыпты.
Сергей Литвинцев:
– Көліктердің бір бөлігін өз ақшама, қалғанын несиеге алғанмын. Ай сайын 1 миллион 400 мың теңге төлем жасап отырмын. Үйіміз де кепілде тұр. Осы жағдайдың кесірінен банкроттың алдында тұрмыз.
Еске салсақ, қылмыс былтыр қазан айында әшкереленген. Кәсіпкер өзін өлтіруді жоспарлап жатқанын естіп полицейлерге хабар берген. Сөйтіп тапсырыс беруші мен киллер қылмыс үстінде құрықталды. Олардың бірі 12 жылға, екіншісі 10 жылға сотталған. Ал заңсыз сатылған көліктердің ісі бөлек қаралыпты. Онда машиналарды сату жөніндегі бастапқы келісімдер заңсыз деп танылғанымен, кейінгі сатып алушылардың еш кінәсі жоғы дәлелденген.
Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты:
— Бұл жағдайда жауапкерлер қылмыскердің арам пиғылы туралы білмеген. Олар көлікті сатып алмас бұрын әбден тексерген, құжаттарын зерттеген, мүліктің кепілде тұрмағанына көз жеткізген. Олар қазір көліктің заңды иелері. Талапкер кейінгі сатып алушылардың автокөліктерді заңсыз иемденгені туралы дәлелдер ұсынған жоқ.
Ал өз компаниясына тиесілі көліктердің сатылуына ешқандай келісім бермеген кәсіпкер сот шешімімен мүлдем келіспейді. Оның ендігі үміті — апелляциялық сот. Кәсіпкер әділдік орнап, 18 машина өзіме қайтарылса дейді. Оған келген жалпы шығын 80 миллион теңге.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!