«Жанқош Тұраров зорлады». Әнару Құрманәлі тілшілерге болған жайды айтып берді
Боксшы Жанқош Тұраровқа зорлады деп айып таққан қыз бүгін тілшілерге болған жайдың өз нұсқасын айтты. Әнару Құрманәлінің сөзінше, спортшы бірнеше жыл бойы «әйелім етіп аламын» деп алдап келген. «Ал соңғы кездесу зорлықпен аяқталды» - дейді. Жәбірленуші денесіндегі көгерген жарақаттарына дейін көрсетті. Тұраровтың өзі әлеуметтік желідегі соңғы мәлемдесінен кейін бұл жағдай туралы үн қатпады.
Автор: Шапағат Мырзабекова
23.08.2024
Әнару Құрманәлі белгілі боксшы Жанқош Тұраровты алты жылдан бері таниды екен. Қыздың айтуынша, спортшы екеуінің арасында ғашық сезім болған. «Осы кезге дейін артымнан жүгіріп, тіпті ұл туып беруімді сұрады» - дейді Әнару. Оның әйелі мен балалары бар екенінен хабарсыз болыпты. Ал 12 тамызда жыныстық қатынасқа «еркімнен тыс мәжбүрледі» деп отыр.
Әнару Құрманәлі:
— Қарсыластым. Күшпен ұстап, кәдімгідей қысып тұрып, қылқындырып, мойнымнан ұстап тұрып, шашымнан тартып... Оған дейін де қанша уақыттан бері артымнан аңдып жүрді. Қай жақта жүрсем де, менің артымнан іздеп келіп жүрді. Жанқоштың әйелі бар екенін білмегем, бірақ жартылай білген ғой, бұл жағдай туралы негізі.
Алты жыл бойы күтіп, үмітін үзген қыз енді боксшының жазалануын қалап отыр. Сондықтан соңғы оқиғадан соң полицияға шағым түсіріпті. Тергеу кезінде Жанқош Тұраров Әнарудан кешірім сұрап, тіпті 2 миллион теңге ұсынған екен.
Әнару Құрманәлі:
— «Саған істеген істерім үшін бәріне жауап беремін, сенің психологиялық, бүкіл медициналық жағдайыңның бәріне көмек беремін, 2 миллион теңге саған ақша жіберейін» - деді. «Маған ешқандай ақша да, ештеңе керек емес» дедім. Тұраров Жанқош Жасұланұлы өз жазасын алса екен деймін, заңды түрде. Бүкіл эспертиза, барлығынан өттім.
Бұған дейін оқиға Әуезов ауданындағы тұрғын үйлердің бірінде болғаны туралы ақпарат тараған. Десе де күдікті өзіне тағылған айыптың бәрін жоққа шығарған.
Боксшы Жанқош Тұраров бүгін тілшілерге бұл мәселе бойынша жауап берген жоқ. Қазір оқиғаның мән-жайын полицейлер анықтап жатыр. Боксшыға қатысты қылмыстық іс қозғалған. Бірақ полицейлер істің нақты қандай бап бойынша қаралып жатқанын құпия ұстап отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!