Қарағанды ферроқорыту зауытында болған апаттың себебі анықталды
Қарағандыдағы ферроқорыту зауытында төрт адамның өмірін жалмаған апаттың себептерін зерттеген арнайы комиссия жұмысын аяқтады. Нәтижесінде бұл апатқа жұмыс беруші кінәлі екені дәлелденген. Сондықтан комиссия жинаған ақпарат полицияға өткізіліп, апатқа жол берген жауаптыларды жазаға тарту көзделуде.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
23.08.2024
Ферроқорыту зауытындағы апат 20 шілдеде болды. Алып пештен кенеттен атқылаған ыстық жалын сегіз адамды шарпыған. Денесін күйік жалған төрт адам ажал құшты. Ал екі жұмысшы әлі ауруханада жатыр.
Арнайы комиссия бір айдай уақыт жұмыс істеді. Олар апат болған жерді зерттеп, куәгерлерден жауап алып, сарапшылардың пікірін тыңдаған. Бірақ тексерушілер пештен қызыл жалынның неліктен атқылағанын нақты айтпай отыр. Тек өндірісте қауіпсіздік ережелерінің сақталмағанын ғана атап өтті.
Төлеген Оспанқұлов, ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы:
— Кәсіпорында жарақат алу факторларын болдырмау үшін шұғыл шаралар тиісті деңгейде қабылданбаған. Қауіпсіз еңбек жағдайы мен қызметкерлердің ережелерді, нұсқаулықтарды және технологиялық тәртіпті сақтауын бақылауды тиісті дәрежеде істемеген.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!