«Жарнамаға сендік». Алматы облысында жаңа баспана алған жұрт шулап отыр
Санаты жоғары деп сатқанымен — сапасыз. Алматы облысында жаңа баспана алған жұрт үйдің сапасына көңілі толмай, шу шығарды. «Арнау» деп аталатын кешен кезінде "Комфорт-плюс" деп сатылыпты. Бірақ қазіргі кескінінің «комфортқа» үш қайнаса сорпасы қосылмайды дейді тұрғындар. Ыстық суы жоқ, жарығы да жиі сөнеді. «Жарнамаға сендік» деген жұрт құрылыс компаниясының талай табалдырығын тоздырса да, еш нәтиже болмаған. Ал құрылыс компаниясының өкілдері өзіне шаң жуытпай отыр.
Автор: Әсем Лесбек
23.08.2024
"Комфорт-плюс" санаттағы көпқабатты үйде 320 пәтер бар. Тұрғындардың 90 пайызы үйге қоныстанған. Көбі баспанасына кіргенде «таңданысымызды жасыра алмадық» дейді. Өйткені келісімшартта көрсетілген пәтер мен үйдің қазіргі күйінің айырмашылығы жер мен көктей екен.
Кешенде құрылыс жұмысы әлі жүріп жатыр. Балалар алаңқайы жоқ. Жарнамада көрсетілгендей, айналасы абаттандырылмаған. Ал жауын жауса, аула көлшікке айналады.
Мархабат Өмішева:
— Құрылысын бітірмей, халыққа кілтті берді. Міне, маңайдың бәрін қарасаңыздар, бітпей тұр. Асфальты да жоқ. Жарықты енді салып жатыр. Бұл жерде қазандық тұр. Ыстық су жоқ. Газ әлі қосылмаған, жарық өшсе, суық су да тоқтайды. Балаларды шомылдыра алмаймыз, не тамақ істей алмаймыз. Автотұрақ жоқ. Балалар алаңқайы енді салынып жатыр.
Кешен орталық кәріз жүйесіне де қосылмаған. Қалдықтарды жертөлеге жинайды. Тұрғындар оны өздері ақша шығарып, ай сайын сорғызатын көрінеді.
Айман Аллабергенова:
— «Комфорт-плюс» деп сатып алдық, Ал бұл жерде «комфорт» түгілі, ешқандай жағдай жасалмаған. Келген кезде-ақ барлығы дұрыс емес болды. Судан, жылудан қиналдық. Бірінші жылдары мүлдем суықта тұрдық. Бірінші айда бізге «Тайм групп» қазандық қосты, соның өзінде ол жерде керосинмен бе, соляркамен бе,жұмыс істеп жатыр деп, бізге 188 теңгеден санады.
Наразы жұрттың базынасына жауап берген компания өкілі өздерін бұл жағдайға кінәлі санамайды. Керісінше, үйлердің сапалы жасалғанын айтты. Ал ыстық су мен газ жүйесі жақын арада қосылады екен.
Расим Асқаров, Time Group компаниясының бөлім басшысы:
— Қазір ыстық су мәселесі өзекті болып тұр. Тұрғындар уақытша қойылған жылу қазанымен бір қысты өткізді. Сосын біз үлкен қазандық қойып едік, әкімдік тендер ұтып, өз қазандығын қойды. Сәйкесінше, арада төлем жағынан келіспеушілік болды. Соның кесірінен ортада 7 млн теңге қарыз пайда болды. Сондықтан енді халықта ыстық су жоқ. Бірақ үйлер "Комфорт-плюс" санатына толығымен сәйкес келеді. Жұрттың көңілінен шықпаған дүние әлі де жөнделеді.
Ал әкімдіктегілер тұрғындардың сөзін жоққа шығарып әлек. Кешенге газ тартылып, электр желілері де жүргізілді. Сондықтан ауыз толтырып айтатындай олқылықтар жоқ дейді.
Бақытжан Машрап, Қарасай ауданы құрылыс бөлімінің басшысы:
— Сыртқы инженерлік желілерінің құрылысы жүрігізілді. Атап айтсақ, бірінші электр желісі алып келінді. «Тайм групп» деген компания үйлердің құрылысын жүргізді, өздері қабылдап алды. Иә, пандус көрініп тұр. Талапқа сай келмейді және де абаттандыруы қазір «Тайм групп» атынан жасалып отыр.
Осылайша мәселені бір-біріне сілтегендер «кемшіліктер бір айда түзеледі» деп сендірді. Дегенмен тұрғындар мұндай құрғақ уәдеге тойған. Олар: «олқылықтар жақын арада шешілмесе, компаниямен соттасамыз» деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!