{metadescription}
Көкшетау – Атбасар: 30 шақырымдай жол 30 жыл жөндеу көрмеген
Көкшетау – Атбасар: 30 шақырымдай жол 30 жыл жөндеу көрмеген

Көкшетау – Атбасар: 30 шақырымдай жол 30 жыл жөндеу көрмеген

Жол азабын жүрген білер. Ақмола облысындағы төрт ауылдың тұрғындары тоз-тозы шыққан тас жолды тегістеп беруді сұрап отыр. Көкшетау-Атбасар бағытындағы отыз шақырымдай жолдың жөндеу көрмегеніне отыз жылдай уақыт өткен. Себебі әкімдер жылда бос уәдемен қатырады екен. Әдеттегідей, биыл да жол жасалады дейді жергілікті билік. Бірақ оған халық сенуден қалған.

Көкшетау қаласының іргесіндегі Қошқарбай, Троицк, Кеңөткел, Қарсақ ауылдарына апаратын жол Алдар көсенің шапанындай шұрық-тесік. Жол азабын төрт ауылдың тұрғындары жылдар бойы тартып келеді. Қыс болса қар басып, жаз болса шаң басып, жолдың жыры жылдан‑жылға жалғасып, мәселе әлі шешілмей келеді.

Өне бойы ойдым-ойдым жолмен жүрсең, не бүйрегің түсіп, не көлігің қирайды. Ауыл тұрғындары осы жолмен қалаға қатынап, аудан орталығында оқитын балаларын сабаққа апара алмай әуре-сарсаңға түскелі қашан.  Айтуларынша, «Көкшетау минералды сулары» акционерлік қоғамы тап осы жолмен су таситын көрінеді. Жүк көліктерінің ауыр салмағына шыдас бермеген жолдың быт-шыты шығып бүлінген. Акционерлік қоғам мемлекетке салық төлеп жатырмыз, жолды әкімдік жөндесін деп ат-тонын алып қашып отыр.

Ағыбай Маджанов, Троицк ауылының тұрғыны:

Жыл сайын әкімдер ауысқан сайын уәде береді.»Әне істейміз, міне істейміз» деп, былтыр, жазда істейміз деп қол алысып, сметасын, бәрін жазып еді. Сол бәрі далада қалды. Балалар оқудан үйіне келе алмайды. Көшеде алты шақырымды жаяу жүреді. Ар жағын енді алатын адам, машинада орын болса алады. Алмаса, жаяу 18 шақырымға дейін барады.

Тоз-тозы шыққан тас жолдың ауыртпалығын күнде көріп жүрген ауыл тұрғындары мұң-зарын кімге айтарын білмей дал. Басында уәдені үйіп-төгіп беріп, соңында мәселе сиырқұйымшақтанып кететінін талай көрген олар, ендігі әкім-қараларға сенуден қалған. Жаздың жайлы күндерінде тас жолды жағалай салған сүрлеумен жүрсе де, жаңбырлы күндері ол соқпақ езіліп, жүруге мүлдем жарамай қалады. Ондайда жол бойы шұңқыр санап, көлігінің астын соғып осы тас жолмен жүруге мәжбүр.

Қасымбек Жылқыбаев, Қошқарбай ауылының тұрғыны:

30-35 жылдан бері осы жол жөнделмей келе жатыр. Не бара алмайсың, қысты күні жол жабық жатады. Қармен күресеміз, өзіміз, өз техникамызбен. Не әкімдіктен, не жергілікті әкімдіктен еш көмек жоқ. Біз осы жолға шығып, жолдың жағдайы не болады деп айтып отырмыз. Жағдайымыз осы.

Жергілікті әкімдік бұл жолдың жөндеу құжаттарын екі жобаға бөліп әзірлеген. Биыл орташа жөндеуге 200 миллион теңге бөлініп, жұмыс қыркүйек айынан басталады деп отыр. Бұл жолдың жартысына ғана жұмсалатын қаражат. Жол жөндеу халықтың басым көпшілігі қатынайтын Көкшетау-Атбасар трассасына жақын ауылдардан емес, түкпірде жатқан Қарсақ ауылынан басталмақ. Ал, жолдың қалған бөлігіне қажет қаржыны келесі жылдың еншісіне қалдырған.

Серік Исаханов, Зеренді ауданы әкімінің орынбасары:

Бұл жолға Көкшетау –Атбасар трассасына, бұл жерде Қарсақ деген ауылға дейін 28 шақырым жолды құрайды. Соған орташа жөндеу жұмыстарына 0-14 км-ге дейін және 14-28 км дейін құжаттар дайындалған болатын. Құжаттар былтыр дайындалған. Былтыр құжаттар екі жоба бойынша дайын болды бізде. Биылғы жылы бізде өздеріңіз білесіздер су тасқынына байланысты қаражат шамалы бөлінді де, яғни 14-28-ші шақырымға биылғы жылға 200 миллион теңге қаржы бөлінген болатын.  

Сондай-ақ, жолдың шұңқырын жамап, ойығын жабу үшін аудан әкімдігі осы аптадан қалмай қиыршық тас төсеп береміз деп уәде берді. Құр сөзге алдана-алдана, әбден көңілі қалған тұрғындар бұл уәденің де орындалатынына күмәнмен қарайды. Сонымен жол азабы жұртқа таныс, жөнделер күні әзірге алыс болып тұр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде