{metadescription}
Алматыда дәмхана өртеніп, күлге айналды
Алматыда дәмхана өртеніп, күлге айналды

Алматыда дәмхана өртеніп, күлге айналды

Алматыда бірнеше рет өртке оранған дәмхана бүгін тағы өртеніп, күлге айналды. Өлген, жараланған адам жоқ. Бірақ қызыл жалын жапсарлас салынған жер үйлерді де шарпыған. Кафемен көрші тұрудың азабын тартқан жұрт өрт қауіпсіздігіне қатысты құзырлы органдарға бұған дейін де талай арыз жазған. Алайда ешқандай шара қолданылмай, кезекті рет өрттен зардап шегіп отыр. 

Сайран көлінің маңында орналасқан дәмхананың будақтаған қара түтіні бірнеше шақырымнан көрінді. Тілсіз жау тұтанған кезде іште адам болмаған. Бірақ лезде күш алған жалын жапсарлас үйлерге де жетіпті.

Таңсәріде дәмханадан шыққан өрт Темербиевтер отбасын аяғынан тік тұрғызды. Бықсыған түтін шаңырағын ортасына түсіріпті. Тілсіз жаудан екі қабатты үйдің жанбаған жері қалмаған. Шатырынан бастап, қабырғасын да қиратқан.

Ашат Темербиева «бұл кафеден көрмегенім жоқ» деп күйінеді. Бұған де талай отқа оранған нысанның заңсыз әрекеттерінен әбден мезі болған. «Газ баллонымен тамақ жасап, қалдықтарды көшеге төгеді» дейді әйел. Өрт тұтанған кезде көршілері оны оятып, дер кезінде далаға шығып үлгеріпті.

Ашат Темербиева:

— Қараңыздаршы, осылай жабыстырып қалай нысан салуға болады. Менің үйім мен дәмхананың арасында бір шақырым жер жоқ. Тек ағаш пен пластиктан салған. Таңғысын әрең есігіміз ашылды. Сәл болмағанда төбеміздегі аспалы шамымыз басымызға құлайтын еді. Екі-үш рет жарылған дауыс шықты. Дәмханада өрт бірінші рет болып жатқан жоқ. Үш рет жанды. Талай рет айттық. Өз қалтамыздан бүлінген дүниемізді бұған дейін де жөндедік. Шаршадық.

Енді тергеу аяқталмайынша, бұл отбасыға үйді де өздігінен жуып-тазалауға болмайды. Өрттен мұндағы тағы бір жеке үйдің шатырына зақым келген. Ал кафе басшылығы жұрттың шағымын пысқырып та жатқан жоқ. «Бүлінгенді өтейміз» деп жайбарақат жүр.

Алик Юсупов, дәмхана әкімшісі:

Өрттің қалай әрі неден тұтанғаны туралы қолымызда ақпарат жоқ. Түрлі болжам бар, әрине. Бастысы, адамдар аман. Барлық дүние жанып кетті. Іші-сырты түгел жанды. Екі қабат толықтай бұлінді. Көршілес үйлердің шығынын өтеп береміз.

Тілсіз жауды ауыздықтауға 12 техника мен 41 адам жұмылдырылған. Ал қызыл жалын 600 шаршы метр аумақты күлге айналдырған.

Абай Асылбаев Әуезов ауданы ТЖБ бастығы:

Өрт сөндірушілердің жедел іс-қимылының арқасында таңғы 7:10 шамасында өрт 600 шаршы метр алаңда оқшауланды. Ал жеті жарымға қарай өрт толығымен сөндірілді. Жалын жақын тұрған жеке тұрғын үйдің шатырына көшкен. Өрттің себеп-салдары анықталып жатыр.

Ал тұрғындардың бұған дейін бірнеше мәрте жазылған шағымын полиция әкімшілік құқықбұзушылық дерегі ретінде тіркеген екен. Аумақтарды абаттандыру қағидаларын бұзу бабымен кафе иесіне әкімішілік хаттама ғана толтырыпты. Ал ондағы заңсыздықтарды анықтау үшін тұрғындарға қала құрылысын бақылау басқармасына арыз жазуға кеңес берді.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде