Ақмола облысы: Щучье қаласы биылғы қысқа дайын
Ақмола облысындағы Щучье қаласының халқы биылғы қысқа дайын. Горный, Ремзауыт мөлтек аудандарында жаңадан жылу құбырлары салынып, ескілері жөндеуден өтті. Екі мөлтек ауданға арналған екі жылдық жоба биыл қыркүйекте аяқталады. 30 көп қабатты тұрғын үй мен екі мектепті қамтыған жылу құбырының ұзындығы жеті шақырымды құрайды. Жобаның 90 пайыз қаржысы республикалық бюджеттен бөлінсе, 10 пайызын облыстық бюджет бөлген.
Автор: Мерген Тоқсанбай
28.08.2024
50 мыңдай халқы бар аудан орталығы үшін маңыз зор қос жобаның біріне 900 миллион теңге, біріне 2,5 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлінген. Осы қаржыға төселген жылу құбырларының бір ерекшелігі, қазандықтан шыққан су жылуын жоғалтпай соңғы нүктеге дейін ыстық су жеткізе алады. Себебі құбырлардың сапасы жақсы. Қыстың көзі қырауда не жарылып, не қатып қалу қаупі жоқ, жөндеу көрмей кемінде 20-30 жылға жетеді дейді мамандар.
Ерғазы Әшімов, «Алматыинжстрой» АҚ бас маманы:
— Жобаны былтыр мамырда бастағанбыз. Биыл тамызда бітірдік. Мерзімінен бір ай бұрын жылу құбырын салып бітірдік. Енді, міне, қазір жасап жатырмыз.
Аудан орталығында ұзындығы 703 метрлік тағы бір жылу құбырының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Осы уақытқа дейін Шоқан Уәлиханов атындағы кадет корпусының қазандығынан жылу алып келген тұрғын үйлердің мәселесі биыл оңынан шешілмек.
Серік Рысбеков, учаске басшысы:
— Жылу құбыры біздің мынау ШИПТ көшесіндегі үйге тартылып жатыр. одан ары қарай қарттар үйіне тартылып жатыр. Бұның биыл ақшасы бөлінген. Бар ақшасы 206 миллион теңге.
Қазір негізгі жұмыс аяқталып, тек абаттандыруы ғана қалған.
Бейбітжан Молдаханов, Бурабай ауданы құрылыс бөлімінің басшысы:
— Осы жобада 32 нысан қосылады жылуға. Оның ішінде екі мектеп, 30 көппәтерлі үй қосылады. Кесте бойынша жұмыс биыл қыркүйектің аяғына дейін бітуі керек.
Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, жұмысын уақытылы аяқтаймыз деген мамандар биылғы қыс қанша қаһарлы болса да, қала халқына ешқандай қорқыныш жоқ дейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!