{metadescription}
Көшпенділер ойындары: Аударыспақ, теңге ілу, көкпарға дайындық пысықталды
Көшпенділер ойындары: Аударыспақ, теңге ілу, көкпарға дайындық пысықталды

Көшпенділер ойындары: Аударыспақ, теңге ілу, көкпарға дайындық пысықталды

Әлем назарын аударған V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының басталуына тура он күн қалды. Жауапты шараға орай спорт нысандарында соңғы әзірлік жүргізіліп жатса, ел намысын қорғайтын спорт саңлақтары қорытынды оқу-жаттығу жиынын өткізуде. Бүгін «Арғымақ» ат-спорты кешенінде аударыспақ, теңге ілу және көкпардан ұлттық құрама мүшелері дайындығын пысықтады.

Бұл тұлпардың аты Ақорда. Сәйгүліктің жасы 8-де. Ал дүбәрлі додаға қосылғанына небары екі жыл болды. Осы аз уақыттың ішінде Азия және әлем чемпионы атанып үлгерді. Бұйырса алдағы дүние жүзі  көз тіккен байрақты бәсекеде жеңіс тұғырынан көрінуге бірден-бір үміткер.

Айғырды тізгіндеген түркістандық Сырым Ізбасаров та осал азамат емес. Аударыспақтан Қазақстанның екі мәрте чемпионы атағын жеңіп, Азияның ең үздік спортшысы атанды. Төзімділік пен тайсалмас батылдықты талап ететін спорт түрімен айналысып жүргеніне бақандай 16 жыл болыпты.

Сырым Ізбасаров, аударыспақтан ұлттық құрама мүшесі:

 Көшпенділер ойынына үшінші рет қатысып отырған жайым бар. Ыстықкөлде өткен кезде бірінші орын алдым, ол кезде 90 келіде. 2018 жылы екінші орын алдым. Биыл бірінші орын аламыз деген үлкен үмітіміз бар.Бұл тұлпар Жамбыл облысы Меркі қаласынан келіп отыр. Осы аударыспаққа бейімделген ат.  

Бүгінде аударыспақтан ұлттық құрама сапында әлемнің ең мықтыларының қатарында жүрген 6 спортшы өнер көрсетеді. Олар үлкен ептілікке Ақтөбе мен Түркістан облыстарында орналасқан арнайы орталықтарда үйренген. Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, құраманың бас бапкері Жанбатыр Бекмұсаев қарсыластарды зерттеу бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын айтып, аударыспақшылар додаға сақадай-сай екенін жеткізді.

Жанбатыр Бекмұсаев, аударыспақтан ұлттық құраманың бас бапкері:

 Бекітілген халықаралық дәрежесінде алты салмақтан палуандарымыз күреседі. Біз сәуір айынан бастап Шымкент қаласында бастағанбыз, алғашқы оқу-жаттығы жиындарымызды. Жалпы физикалық тұрғыда спортшылармен дайындық жасадық. Ал Алматыда үш кезең, атпен оқу-жаттығы жиын өткен. Көшпенділер ойынында бір үлкен жеңісті, жемісті боламыз деген үміттеміз. Соған тырысып жатырмыз.

Бірқатар елде кең таралған ат үстіндегі күрес ойынын жарыс күндері ипподром маңайында арнайы жасалған этно-ауылдан көруге болады. Бүгін журналистерге теңге ілуден құрама мүшелері физикалық және тактикалық дайындық деңгейін көрсетті. Бірер апта бұрын еліміздің ең үздік теңге ілушілері іріктеліп, оның нәтижесі бойынша батысқазақстандық Бекнұр Серіков, шымкенттік Рахат Қамбаров пен Бақыт Төлтай ел намысын қорғайтын болады.

Бақыт Төлтай, теңге ілуден ұлттық құрама мүшесі:

Теңге ілумен айналысып жүргеніме бес жылдан асты.Көшпенділер жарысына дейін Алматыда Азия жарысы болды. Сонда бірінші орын алдым. Бұл ат маған бақ боп келген. сондықтан Баққара деп қойғанбыз. Бұл жерде аттың белі мықты болу керек. Еңкейген кезде тіп-тіке шабу керек. Бірінші орын аламыз ғой, Құдай қаласа, қазақтың намысын қорғап.

Көкпардан ұлттық құрама мүшелері де көшпенділер ойындарына тас-түйін дайын. Команда Астанаға арнайы ертерек келіп, арғымақтардың алаңға мейлінше тез бейімделуіне жағдай жасап отыр. Көкпар мен көкбөрі ойындары қыркүйектің 9-12 аралығында дәл осы ипподромның аумағында өтеді. Әр спорт түрінен 12 қатысушы алтынға қол жеткізіп, ел мерейін асыруға  барынша күш салмақ.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде