Жолдау. Ел өмірін өзгертетін ұсыныстар
Атом электр станциясына қатысты референдум 6 қазанда өтетін болды. Бір жылдан бері көптің талқысына шығарылған бастаманың соңғы нүктесі дәл осы күні қойылмақ. Президент дәстүрлі Жолдауында президент экономиканың қарқынын көтеретін, әскердегі сарбаздардың қауіпсіздігін арттыратын бірсыпыра реформаны ортаға салды. Өңірге бара сала, орталыққа алақан жаятын әкімдердің де іс-әрекеті сын садағына ілінді.
Автор: Айжан Шамшидин
02.09.2024
Екі ай бойы жүздеспеген, ала жаздай кездеспеген депуттар бүгін Парламент емес, Үкімет қабырғасында қауышып, қауқылдасып, мәз-мейрам күйде. Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет депутаттардың бірлескен отырысы, һәм Президент жолдауы осында өтті. Әкім-қарадан бастап, тайлы-тұяғымен жиналған шенеуніктерге мемлекет басшысы ескерту жасады. Қаржы тартудың орнына, ініне тығылған суырдай, өңірлерде тым-тырыс жатуды доғару керек деді мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
— Экономиканы қарқынды дамыту үшін тек мемлекет қаржысына сүйену жеткіліксіз екендігі анық. Жеке инвестиция тарту арқылы қолайлы орта жасаған жөн.
Президент сынын ести сала, облыс әкімдері бас алмай, қойын дәптеріне «керек» дегенін түртіп алып жатты. Ал кейбіреуі отырыстан шыға сала, инвестиия ахуалын жақсартуға кірісетінін айтуда.
Ербол Қарашөкеев Жамбыл облысының әкімі:
— Облысымыз — дотациялық облыс. 80 пайыз табысымыз республикалық бюджеттен келеді. Оны шешудің бір-ақ жолы бар — инвестиция тарту, үлкен кәсіпорындарымызды дамыту.
Жолдауда көптің көкейіндегі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселесі де жолдауда айтылды. МӘМС жүйесіне өзгерту керек деп санайды президент. Бюджеттің шама-шарқы ескеріліп, алдағы уақытта мемлекет кепіл беретін медициналық көмектің бірыңғай база топтамасы жасалмақ. Одан асып кеткен шығын сақтандыру жүйесі арқылы төленуге тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаев әскерге 12 мүшесі сау аттанған сарбаздарымыздың отбасына дін-аман оралуын қамтамасыз ету керек деп, қорғаныс министрлігінің есіне тағы да салды. Әскерде өлім құшып жатқан жас өрендердің тағдырына армия басшылығы мен денсаулық сақтау министрлігі тікелей жауапты.
Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
— Бұл мәселе бізді де алаңдатады. Себебі бұл балалардың денсаулығы тікелей біздің міндетіміз. Өздеріңіз көріп отырсыздар, екі айдың көлемінде 5 мыңнан астам медициналық пунктті саралап шықтық. Бұл бір нәрсемен шешілетін мәселе емес. Оның ішінде денсаулық мәселесі, қорғаныс министрлігінің өз тарапынан психологиялық көмек көрсету мәселесі, суицид бар.
Елді елеңдетіп отырған келесі бір мәселе — АЭС салу. Көпшіліктің көкейінде күдіктің бары жасырын емес. «Түпкі шешімді тек халық қабылдайды» деген мемлекет басшысы референдумды 6 қазанға белгіледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
— Референдум тақырыбының қоғам талқысына түскеніне бір жыл болды. Бұл азаматтарымыздың жан-жақты ойланып, салмақты шешім қабылдауына жеткілікті мерзім деп ойлаймын. Сондықтан мен Үкіметтің ұсынысын қолдаймын. Атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум биылғы 6 қазанда өтеді. Бүгін тиісті Жарлыққа қол қоямын.
Ал депутаттар «бастысы — құрылыс тізгінін жауапты мердігер ұстаса» деген ұстанымда. 6 қазан, яғни жексенбі күні қазақстандықтарға «АЭС салуға қарсысыз ба, жоқ па» деген жалғыз сауал қойылмақшы.
Самат Нұртаза, Мәжіліс депутаты:
— Проблема — салу-салмауда емес. Проблема — «кім салады» деген сұрақта. Оны мен де білмеймін. Үкімет те аса ештеңе деген жоқ. Сондықтан дауысқа салған кезде халық АЭС-ты қолдайды. Қарсы шығатыны да болады. Бірақ 50-50 болғанда, басым болады, қолдайтындары. Қауіпсіздікке баса назар аудару қажет.
«Жаңа Салық кодексін қабылдауда асықпаған жөн» деген президент, Қазақстанға банк туралы жаңа заңның қажет екенін айтты. Жолдауда міндеттеген тағы бір мәселе — мұғалімдердің біліктілігін арттырып, әлеуметтік мәселесін көтеру. Мемлекеттің өркендеуіне үлес қосуда қалталы азаматтардың қалыс қалмауы бүгінгі құжатта ерекше айтылды. Аурухана, стадион, мектеп, бөбекжай салып, атымтай жомарт атанғандар болашақта ел тарихында есімі алтын әріппен жазылуы бек мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!